Су тасқынынан зардап шеккен 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтпек

28 Мамыр, 10:20 492

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бүгінге дейін республика бойынша 30 мың 538 отбасы 100 АЕК бойынша біржолғы төлем алғанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-премьер бұл бағытта жұмыс бақылауда және қажетті шаралар қабылдануда екенін айтты.

Негізгі тәуекелдер тұрғын үйлерді қалпына келтірумен байланысты. Сондықтан өңірлердің әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алып, күнделікті негізде халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме берулері қажет. Қазіргі уақытта республика бойынша су тасқыны салдарынан шамамен 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскелері зардап шекті, оның ішінде 5 353 саяжай үйлері жалғыз баспана болып табылады, – деді Бозымбаев.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құнына бағалау жүргізілгенін тілге тиек етті.

Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланды. Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын атап өткім келеді. Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады. Ел бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтетін болады. 4 315 үй апатты деп танылды, – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Осыған байланысты өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталғанын және бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарлануда екенін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: