Су тасқынынан кейін республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталды

25 Сәуір, 23:17 867

Су тасқынынан кейін республикалық маңызы бар жолдардағы ақауларды азайту мен қозғалысты тез арада қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бөгеттерді орнату, құм салынған қапшықтарды төсеу және суды ағызуға арналған қосымша арықтар орнату сияқты алдын алу шаралары қолға алынып отыр. Одан басқа темірбетон материалдар мен көпірлер мен құбырлардың маңайындағы жағалауларды нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, республикалық маңыздылығы бар тасжолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сигналдық белгілер орнатылды.

Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан "Самара-Шымкент" автожолының (1132 км) учаскесіндегі Ырғыз өзені арқылы өтетін көпір зақымдалған болатын. Қолға алынған жедел іс-шаралардың нәтижесінде 30 наурыз күні бір тәулік ішінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, көпір арқылы қозғалыс қайта жандандырылды.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі төнген кезеңде «Қандыағаш-Шалқар» тас жолының (72 км, 86 км) учаскелерінде су өткізу құбырларын орнатудың нәтижесінде өткел қалпына келтіріліп, жол бойындағы үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етті.

 Атырау облысында Құлсары қаласының маңында "Доссор-Бейнеу-Ақтау" автожолының (101-103 км, 119-120 км) учаскелерінде жол төсемі тасқын судың салдарынан шайылып кеткен болатын. Су деңгейі төмендегенде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 14 сәуірде жолдағы қозғалыс жанданды.

Айта кетерлігі, су тасқыны кезеңінің салдарын барынша азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұзындығы 70 метрді құрайтын 9 учаскеде жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу бойынша жұмыстар жүргізілді:

Солтүстік Қазақстан облысында да 5 жол төсемінде мәжбүрлі түрде жол төсемін бұзу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Жезқазған-Петропавл» автожолының 706 және 872 шақырымындағы екі учаскесінде, «Булаево – Возвышенка – Қиялы – Рощинское» 208 км автожолында, сонымен бірге «Рощинское-Корнеевка-Волошинка» 14 км және «Волошинка-Сергеевка-Тимирязево» 2 км автожолында сәйкес жұмыстар жүргізілді.

Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде жолдардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 872 шақырымындағы Амангелді және Покровка ауылдары арасындағы учаскесінде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың барлық түрі жолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылуда.

Перизат Саденова
Бөлісу: