Су тасқыны: Ырғыз ауданында үй салу жұмыстары жақын күндері басталады

8 Мамыр, 00:23 694

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап үй салу жұмыстары жақын күндері басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта топан су астында қалған 152 үй жарамсыз деп танылып отыр. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің сөзінше, 8 отбасы дайын үйді алуға, 40-тан астам отбасы Ырғыз ауылында салынатын үйге қоныстануға өтініш білдірген. Нұра ауылының тұрғындарының басым бөлігі Сарыоба дейтін жерге көшуге, сонда тұрғын үйдің салынуына қарсы емес. Өңір басшысы Сарыобаның жерін, оның келешегін зерттеу үшін мамандар жіберілетінін алға тартты.

Аймақ басшысы облыста тек Ырғыз ауданында баспана салу мәселесі әлі шешілмегенін, сол себепті эвакуациялық пукнтте уақытша орналасқан тұрғындармен кездесу үшін Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен келгенін жеткізді.

Кеше өңірімізге Президент тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев келді. Біраз қаржы мәселесі шешілді десек болады. Еліміздегі Үш компания Ақтөбе облысындағы су тасқыны салдарын жою үшін демеушілік етеді. Бұл ең бірінші кезекте баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Облыстың Ырғыз ауданынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Сондықтан сіздермен кездесіп, осы мәселенің түбегейлі шешіп алайын деп келдім. Қазіргі біздің басты міндет - үй салу, үй алып беру, үйді қалпына келтіру. Мемлекет басшысы тасқынның салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды өзі қадағалап отыр. Сондықтан біз мүмкіндікті пайдалана отырып, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауға тиістіміз, - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Кездесуде ырғыздықтар баспаналардың қандай болатынын, мектептің жайын, мал шығыны өтелуін, несие мерзімінің кейінге шегеру жолдарын сұрады. Кәсіпкерлер де бүлінген мүлкіне берілетін төлем мәселесін көтерді.

Айта кетейік, қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті.

100 АЕК көлеміндегі әлеуметтік төлем бойынша түскен 138 өтінішке 51 млн теңгеге жуық берілді. Материалдық шығынды бағалау және есептеу комиссиясы 221 өтінішті қарауда. Тұрғын үйлерді жөндеуге және тұрмыстық техникалар құнын өтеуге төленген қаржы 4 млн теңгеге жуықтайды. Сонымен қоса көктемгі су тасқыны кезінде қырылған 444 бас малға тиісті қаржы бөлінуде.

Еске салсақ, ауданда эвакуациялау алдын ала жүргізілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: