Су тасқыны болған аймақтарда ІІМ-нің 15 мыңнан астам қызметкері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді

7 Сәуір, 11:21 537

Тікелей авариялық-құтқару іс-шараларына ІІО-ның 5,5 мыңға жуық қызметкері, сондай-ақ полиция ведомствосының мыңға жуық техникасы қатысады. Арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде, 115 мыңнан астам қапшық төселді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция қазірдің өзінде 12,6 мың адамды эвакуациялады, оның ішінде 290 – нан астам адам тікұшақпен шығарылды. Мұндай деректерді республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев келтірді.

39 ауданда зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Қазір полицияның қорғауында 1 266 тұрғын үй және басқа да нысандар бар. Тонау деректері тіркелген жоқ. Азаматтардың 87 ірі уақытша орналастыру пунктінде қауіпсіз орналасуы ұйымдастырылды, - деді ол. 

Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдардың 17 учаскесінде қозғалысты шектеу енгізілді және қолдау көрсетіледі. Патрульдік полиция ұйымдасқан колонналармен су басу аймақтарынан 3,5 мыңнан астам автокөлікті алып жүрді. Стратегиялық объектілерді қорғау қамтамасыз етіледі: 70 ауыз сумен жабдықтау және 91 су шаруашылығы нысандары бақылауда.

Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ең көп саны жұмылдырылды. Жағдай нашарласа, басқа өңірлерден тасымалдау үшін күштер мен құралдардың қосымша резервтері айқындалды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: