Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр су саласы үшін кадрлар даярлау «Гидромелиорация», «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару», «Сумен жабдықтау және су бұру» сияқты білім беру бағдарламаларының топтары шеңберінде су ресурстары және су пайдалану бакалаврларын дайындайтын жеті жоғары оқу орындарында жүзеге асырылатынын атап өтті.
Осы жылдан бастап министрлік жоғары оқу орындары студенттердің кәсіптік практикадан тікелей ведомстволық бағынысты ұйымдардағы өндірісте өту мүмкіндігімен, одан әрі жұмысқа орналасумен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар осы жылы су шаруашылығы ұйымдарының 450-ге жуық маманы мамандандырылған орталықтар жанынан біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Су саласы мамандарының біліктілігін арттыру қағидалары әзірленді, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Ведомство басшысы министрліктің жанынан су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңес құрылғанын тілге тиек етті.