Су ішуге келмейді, жылу жоқ, пәтер қымбат. Ұлытау облысы қалай дамып жатыр?

28 Шілде 2023, 17:18 11982

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласының тұрғындары уақыт өткен сайын күн көрудің өзі қиындап бара жатқанын айтады. Коммуналдық қызметтер жүйеленбеген, суық су мен ыстық су күнара тоқтап қалады. Ол аздай пәтер бағасы да шарықтап барады. 25 жылда жалғыз мекеме салынған өңірде құрылыс жұмыстары да қарқынды емес. Кадр тапшылығы мен денсаулық саласында да мәселе шаш етектен.

Жаңарамыз деп үміттенген Жезқазған халықтың жағдайы неге нашарлап кетті? Облыстың бюджеті неге аз? Бұл туралы жергілікті әкімдіктен, депутаттар мен сарапшылардан сұрап, тұрғындардың пікірін тыңдап көрдік.

Су құбырларының 70% тозған

Қала тұрғыны Айзат Асылбекқызының айтуынша, жарық, жылу, су мәселесі өңірде өте өзекті мәселе болып тұр.

Не ыстық су, не суық су жоқ. Кейде кешкі 18:00 кезінде ғана суық су беріледі. Оның өзі ішуге келмейтін сап-сары. Кейде ол да болмайды.  Бұл мәселеге жауапты «Жезқазған Жылу және сумен қамтамасыз ету мекемесіне» қанша мәрте хабарласқанымызбен ешкім жауап бермейді, - дейді қала тұрғыны.

Қазіргі уақытта Үйтас-Айдос су құбырының 70%-ы тозған. Ауыз судың төмен сапасы, топырақ пен ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізіп отыр.

Әкімдік қызметкерлері де негізгі ауыз су қоры саналатын «Кеңгір» су қоймасы талапқа сай емес екенін мойындап отыр.

Су қоймасында  гидротехникалық талапқа сай жұмыстар жүргізілмейді. Бұл мәселені толыққанды шешу үшін су қоймасына  ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қоса сараптамалық сынамалар жүргізіп, тоғанның табанын тазалау секілді біршама шаралар атқарылуы тиіс. Ол үшін «Кеңгір» су қоймасын республикалық балансқа алу қажет. Бұл мәселеге қатысты Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Сенат депутаттары Экология және табиғи ресурстар министрлігіне арнайы хат жолдады, - деді Ұлытау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жезқазғанда пәтер бағасы шарықтап тұр

Коммуналдық қызметтер осыншалық төмен болса да пәтер бағасы мен ай сайынғы пәтерақы шарықтап кеткен.

Мәселен, облыс құрылғанға дейін тұрғын үйдің квадрат метрі 295 мың теңге болса, қазір баға 365 мың теңгеге дейін көтерген. Бұл баспананы жалға алатындарға да оңай соқпай тұр. Бір жыл бұрын ай сайынғы құны 100-120 мың теңгенің көлемінде болған екі бөлмелі пәтерлер қазір 200-250 мың теңге. Бұл Астана, Алматы секілді миллионнан аса халқы бар қалаларымен бірдей дегенді білдіреді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үй мәселесін шешуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

2023 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 288 пәтер жалға беріледі. Осы мақсатта 6 тұрғын үй салынып жатыр. Тағы да 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ИИДМ-не 4,8 млрд теңге сомасында 208 пәтерлік 7 кредиттік үй құрылысына өтінім берілді. Алдағы уақытта 208 пәтерлік 4 тұрғын үй салынатын болады, - деді Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта жеке құрылыс мекемелері Жезқазған қаласында жалпы ауданы 7 мың шаршы метр болатын 5 тұрғын үй салып жатыр. Олар биылғы жылдың 3-4-тоқсанда пайдалануға беріледі.

2024 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Жезқазған қаласында 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастады. Жалпы ауданы 8 мың шаршы метрлік тұрғын үйде 150 пәтер болады,- делінген әкімдік берген ақпаратта.

Пәтер бағасынының өсуі – уақытша құбылыс

Өңірдегі пәтер бағасының қымбаттауына қатысты мәселені экономист-сарапшы Сапарбай Жобаевтан сұрағанымызда ол да таңданысын жасыра алмады. Бірақ оған әкімдіктің де, үкіметтің де еш кінәсі жоқ екен.

Баға сұраныс пен ұсынысқа сай реттеледі. Бұл – экономика заңы. Бірінші себеп – жаңадан пәтерлердің салынбауы. Облыс орталығы болған кезде сырттан кадрлар көп келеді. Ал пәтер санының аз, адам санының көп болуы бағаны көтеруге әсер етеді. Екіншіден, «облыс орталығы болғаннан кейін пәтер бағасы өседі» деген алып-қашпа сөзге еріп, тұрғындардың өзі пәтерлерді көптеп сатып алады. Осының бәрі бағаның өсуіне әсер етеді. Облыс жаңадан құрылғандықтан бағаның шарықтауы сияқты проблемалар болуы заңды. Бірақ Жезқазғанның шағын қала екенін, тұрғындардың орташа жалақысының төмен екенін ескерсек, баға біртіндеп түседі, - деп сендірді сарапшы.

25 жылда бір ғана ғимарат салынған

Соңғы 25 жылда Жезқазған қаласында бір ғана жаңа ғимарат салынған. Ол да 2021 жылы Мемлекет басшысы ашқан мектеп-интернат. Қарағанды облысы құрамында болған кезде басқа ештеңе салынбаған.

Әкімдіктің ақпаратынша, жаңа ғимараттар құрылысы басталып жатыр.

2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында Геологический елді мекенінде 300 орындық жайлы мектептің құрылысы басталып, 2024 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, қазіргі таңда  Жезқазған қаласында мердігер – «Қаршыға-97» ЖШС Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатқа жатақхана құрылысын бастады. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Облысымызда құрылған мемлекеттік және құқық қорғау органдары бөлімшелері мен мекемелерінің мемлекеттік қызметшілерін әкімшілік ғимаратпен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады,- деді Ұлытау облысы әкімдігі El.kz тілшісіне берген жауабында.

Балалар ауруханасы жоқ

Сондай-ақ өңірде нәресте өлімі де былтырғы жылмен салыстырғанда 27,7 промиллеге өскен. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,5-ке жоғары. Осындау проблемаларға қарамастан, облыста перинаталдық орталық және балаларға арналған аурухана жоқ. Дегенмен облыс әкімдігі өңірде балалар ауруханасын салу жоспарланып отырғанын айтады.

22 мамырда перинаталдық орталықтың құрылысына қатысты медициналық-техникалық тапсырмаға қол қойылып, Ұлытау облысының Құрылыс басқармасына берілді. Бүгінгі күні «Turar Healthcare» КЕАҚ  тарапынан Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Дайын болғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Оған дейін уақытша облыстық балалар ауруханасын ашу үшін лайықты ғимарат  қарастырылып жатыр, - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өңірде онкологиялық науқастардың саны да былтырғы жылмен салыстырғанда, 2,6 есеге өскен. Оған өңірде онкологиялық диспансердің жоқтығы да себеп болып тұр. Әкімдік мәліметінше, мердігер ғимаратқа уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізбегендіктен, көшу жұмыстары тоқтап тұр екен.

Облыстық деңгейдегі онкологиялық қызметті жеке ғимаратқа көшірілуі тиіс болған. Алайда, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауына байланысты көшіру кешеуілдеп тұр. Бүгінгі таңда бас мердігермен оның жұмысына байланысты сот ісі жүріп жатыр,- деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мектепте мұғалім, ауруханада дәрігер жоқ

Өңірдегі кадр мәселесі де ушығып тұр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, білім беру ұйымдарында 400-ге жуық кадр тапшылығы бар. Мектепке дейінгі ұйымдарға – 116, мектептерге – 155, колледждерге – 25, арнайы білім беру ұйымдарына – 32, қосымша білім беру ұйымдарына – 72 педагог жетіспейді. Негізінен математика, химия, география, бастауыш сынып, тарих пәндері, педагог-психолог, деффектолог мамандарға ең көп қажеттілік байқалады. Денсаулық сақтау саласында да 60-қа жуық маман жетіспейді

2023 жылы «Ұлытау облысының білім беру ұйымдарын білікті педагогтермен қамтамасыз етудің жол картасы» әзірленді. Жол картасы шеңберінде Ұлытау облысының білім басқармасы мен білім бөлімдерінің қызметкерлері еліміздің 6 ЖОО педагогикалық мамандықтар бойынша түлектермен кездесіп, Ұлытау облысындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларымен әріптестік орнату арқылы осы мәселені шешетін боламыз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктері, әлеуметтік жеңілдіктер туралы түсіндірілді, - деп жауап берді Ұлытау облысы білім басқармасы.

Ұлытау Түркістан бола алмайды

Ұлытау облысындағы қордаланған мәселелердің негізгі себебін жергілікті билік қаржының аздығымен байланыстырады. Экономист Сапарбай Жобаев та өңірдегі бюджеттің тым аз екенін айтты.

Ұлытау облысына бөлінентін қаржы кейбір аудандарға бөлінетін қаржының көлемімен бірдей. Себебі Ұлытау облысында халық саны өте аз – 221 мың ғана. Бұл – оңтүстіктегі кейбір аудандардың халқынан да аз деген сөз. Мәселен, Сайрам ауданында 231 мың халық тұрады. Түркістан облысының халқы 2 миллион 132 мың. Қаржы адам басына шағып бөлінеді. Жергілікті бюджет жетпесе, республикадан субсидия сұрауға болады. Біз қазір орталықтан Жезқазғанға қаржы беріп, Түркістан сияқты жаңа шаһар етіп соғатын болсақ, бұл экономикамызға салмақ салады. Сондықтан да Жезқазған Түркістан бола алмайды, - деді экономист.

Ұлытау облысы Экономикалық даму, бюджет, қаржы өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Еркебұлан Бодықов экономистің бұл пікірімен келіспейді. Аяққа тұсау болып тұрған бюжет қана емес, жергілікті халықтың мәдениетінің төмендігі екен.

Қалада қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Арнайы қойылған қоқыс жәшіктері бірнеше мәрте өртенді. Тұрғындарға ыңғайлы болсын деген мақсатпен қойылған қаланың көрнекілік тақтайларын халық сындырып кетеді. Қазір кінәлілерді іздеп жатырмыз. Салған дүниені қиратып, сындыра берсе, қалай қаламыз көркейеді? Бөлінген ақшаны шашпай, төкпей пайдаланса, біраз жыртығымыз жамалар еді. Жол салуға, көшені жарықтандыруға, жылу жүйелерін жөндеуге бөлінген қаржының барлығы жергілікті мердігерлерге беріледі. Бірақ олар қаланың көшелерін қазып-қазып жұмысын аяқтамай кетеді. Бұл жергілікті азаматтардың туған жеріне, облысына жаны ашымайды дегенді білдіреді, - деді Еркебұлан Бодықов.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: