Су басу аймақтарынан 119 мыңға жуық адам эвакуацияланды

23 Сәуір, 10:40 630

Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызылған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түскенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы қазіргі уақытта Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасуда екенін, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатқанын тілге тиек етті.

Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай, бір мың аула аумағы мен 91 ғимарат су астында қалып отыр. 10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазір Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында олар алынды. Зардап шеккен елді мекендерге су жеткізу, энергиямен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелері министрліктің үйлестіруімен жедел шешілуде, – деді Бауыржан Сыздықов.

Бұдан өзге вице-министр жекелеген азаматтар үйлерін тастап кеткісі келмейтінін, олармен келіссөздер жүргізуге көп уақыт кеткенін жеткізді.

Бірақ эвакуация олардың қауіпсіздігі үшін жалғыз ғана шешім болып табылатыны түсіндірілді. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді. Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала, оның ішінде 44 мыңнан астам бала эвакуацияланды. Құтқарушылар мен жұмылдырылған барлық қызметкерлер тәулік бойы және өте қиын жағдайларда жұмыс істеп жатыр, – деді.

Төтенше жағдайлдар вице-министрі Бауыржан Сыздықов қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп зардап шеккендердің материалдық шығыны есептеліп, төлемін өтеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: