Су басқан өңірлердегі тұрғындардың несиеге алынған көліктерінің құны қалай есептеледі

17 Сәуір, 15:25 562

Су тасқынынан жапа шеккен өңірдің тұрғындары несиеге алған көліктері суға кеткен жағдайда мүлкіне келген зардапты есептетіп, көмек ала алады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, әр жағдайды комиссия жеке-жеке қарайтын болады.

Зардап келген барлық мүлік есептеледі. Көлігі  суға кеткен азаматтарға да көмек көрсетіледі. Президент те, үкімет басшысы да халыққа уәде берді. Сондықтан міндетті түрде зардапты толық есептейтін боламыз,- деді ол.

Ержан Біржанов су басқан аймақтардағы несие алған тұрғындардың төлем мерзімдері қайта қаралатынын атап өтті.

Несие бойынша барлығына көмек көрсетіледі. Несие төлемінің мерзімі өтіп кеткен болса да, көмек көрсетеміз. Несиені реструктуризациялау мәселесі де қаралып жатыр, – деді вице-министр.

Ол Қаржы министрлігінің шілдеге дейін салықтан босату туралы бұйрық шығарғанын да атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: