Су астында қалған Петропавлдың қазіргі күйі қандай?

13 Сәуір, 18:10 10944

Су тасқынына байланысты Петропавл қаласының бірнеше ауданына қауіп төнді. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі су тасқыны болып жатқан аудандарда жүр.

Бүгін түскі уақытта Косогор және Подгора аудандарына су өте жылдам қарқынмен кірді. Оқиға орнында ТЖ құтқарушылары, еріктілер, полиция қызметкерлері жүр. Олар тұрғындарды үйлерінен шығарып, қауіпсіз жерге жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір облыста 560-тан астам үйді су басып, үш жарым мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Сурет: t.me/elinfo_kz/16482

Айта кетейік, бірнеше күн бойы жергілікті тұрғындар мен  құтқарушылар бірге нығайтқан аудандағы бөгет бүгін босаңсып, жарты сағат ішінде бүкіл аумақ сумен толып қалды.

Дәл қазір басып су кірген ауданда СҚО ТЖ департаментінің бастығы полковник Ерік Сарыбаев пен құтқарушылар жүр.

ТЖД басшысы тасқынға қатысты пікір білдірді.

«Петропавл қаласы бойынша қазір ахуал өте қиын. Барлық жерде су қарқынды деп айтуға болады. Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, қорғаныс бөгеттері мен басқа да қорғаныс құрылымдарын бұзып кетті. Десе де дәл қазір жеке құрамнан үш мыңнан астам адам мен техникалар жұмылдырылды. Подгора ауданында 1300-ден адам тұрады. Оның ішінде шамамен 600-ден астам адам алдын ала эвакуацияланды. Мұнда Төтенше жағдайлар министрлігі, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдар  жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб құрылды. Петропавл қаласы бойынша он үш эвакуациялық пункт құрылды, - деді СҚО ТЖ департаментінің бастығы, полковник Ерік Сарыбаев

Сурет: t.me/elinfo_kz/16482

Құтқарушылар үйіне су кірген екі қартты баспанасынан шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Қарияларды  су кірген үйден полиция қызметкерлері алып шықты.

Иә, су күтпеген жерден тез келді. Кеше біз мұны ескерттік, бірақ бізге келген судың жылдамдығы өте қатты. Бұлай болады деп ойламадық. Заттардың бәрі қалды, тек құжаттарды алып шықтық, - дейді Подгора ауданың тұрғыны Анатолий Вавилов.

Сурет: t.me/elinfo_kz/16482

Бір тәулік ішінде Есіл өзені 138 см-ден  176 см-ге дейін көтерілген. Ал Сергеев су қоймасында су деңгейі 145 см-ге жеткен.

Қалада электр желілерінің бұзылуына байланысты тұрғындар сусыз қалып, аудан көшелерінде автоцистерналар алдында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: