Көктемдегі су тасқынынан кейін Солтүстік Қазақстан облысында студенттік құрылыс жасағы құрылып, 80-ге жуық жастар зардап шеккен тұрғындардың баспанасын салуға атсалысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда Петропавл қаласының Бірлік шағын ауданында 100 үйдің құрылысы аяқталып, тасқынан зардап шекен тұрғындарға кілттері табыс етілді. Міне, сол баспананы салуға көмектескендердің ішінде студенттік құрылыс жасағы да жүр.
жеке мұрағат
Біздің жастарымыз соның ішінде, құрылыс мамандығында оқитын студенттер үлкен тәжірибе жинақтап жатыр. Олар үй салып жатқан қызметкерлерге көмекші болып, құрылысшылардың қасында жүріп қолғабыс жасайды. Бүгінгі күні жастардың басым бөлігі емтихан тапсырып сессияларын жауып жатыр. Ішкі әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмыстарына да көмектесуде, – дейді ауыл жастар қанатының төрағасы Әлфараби Мыңбай.
Ауыл жастар қанаты төрағасының айтуынша, тасқынға қауіп төнген күннен бастап, ауыл жастар қанатының еріктілері тасқынға қарсы бөгет салу жұмыстарын жүргізгенін айтты.
Су басқан елді мекендердегі халықты эвакуациялау жұмыстарына да атсалысып көмек көрсетті. Осындай қиын қыстау кезеңде еліміздің түпкір-түпкірінен гуманитарлық көмектер ағыла бастады. Сол гуманитарлық көмектерді түсіріп, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға үлестіру жұмыстарын жасап басы-қасында жүрдік, – дейді Мыңбай.
Солтүстікте тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арнап арнайы үй салынады деген ақпарат естіген сәтте жастар көмектесу мақсатында жиналып ақылдасқанын айтады.
жеке мұрағат
Ойымыз бір жерден шығып, тез арада құрылыс жасағын құру туралы ой келді. 20 мамыр күні өңірімізде 33 жылдан кейін қайта құрылыс отряды өз жұмысын бастады. Құрлыс жасағы қатарында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері және қаламызда орналасқан Петропавл экономикалық құрылыс колледж студенттері қатарымызға қосылды. Барлығы 80 жас жиналды, – дейді ауыл жастар қанатының төрағасы.
Бүгінде өңірде 520 үй салынып жатыр. Оның жартысына жуығы салынып, кілттері табыс етілген. Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс жасағының командирі Санжар Темірбай бүгінгі таңда жасағымен бірге су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйін қалыпқа келтіріп жатыр.
Қазір істеймін деген адамға жұмыс көп. Мысалы, мен даяшы, күзетші, курьер болып ақша тапсам болатын еді. Бірақ мен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмектескім келді. Себебі бұл менің елім, менің облысым!, – дейді ол.
Сондай-ақ жас командир тасқыннан зардап шеккендердің ішінде әрқайсысының туысы барын айтты. Осындайда көмек қолын созбаса, азаматтыққа сын екенін жеткізді.
Амангүл Тілейқызы
Қираған үйлердің құрылысына қалай көмек қолын созсақ екен деп білмей жүргенде, «Ауыл» партиясының «Жастар» қанатының студенттік құрылыс бригадасын құру туралы ұсыныс түсті. Іздегенге сұраған деген осы шығар. Еш ойланбастан, солардың қатарына қосылдым. Біз үшін бұл – үлкен тәжірибе. Жасақталған жастар осы бір айдың ішінде бір отбасының баласындай болып кетті. Арамызда құрылыс мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер де бар, – дейді Санжар.
Айтуынша жастар қазір құрылыс алаңында нақты тәжірибе жинап, үй салудың қыр-сырын үйреніп жатыр.
Менің оқып жатқан мамандығым – қаржыгер. Болашақта құрылысшы болмасам да, бірақ қазір құрылыстан алған тәжірибем алдағы өміріме азық болатынына кәміл сенемін. Құрылыс жасағына кірген соң партияны тереңірек зерттей бастадым. Қатарда ғана жүріп қоймай, партия жұмысына бұдан да белсене араласқым келеді және мен сияқты жастарды бұдан да үлкен іске қанаттандырады, – деді жас студент.
Санжар Темірбай қарапайым құрылыс жасағын құру арқылы мұны жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздік деп отыр.
Кезінде алаштың ардақты ақыны Қызылжардың (Петропавл) тумасы Мағжан атамыз «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күштi қанатты, мен жастарға сенемiн!», деп жырлады. Аға буын өкілдеріне жастарға сеніңіздер деп айтқым келеді. Жастардың сеніміне еніп, жол көрсетсе екен деймін. Бізге керегі тек сенім, тәжірибе, – дейді құрылыс жасағының командирі.