08.04.2026
12:00
153
Жаңалықтар

Стамбұлда оққа ұшқан қазақстандық туралы тың дерек жарияланды

Стамбұлда қаза тапқан қазақстандықтың ісіне қатысты жаңа дерек шықты. Журналистер жан-жақты іздестіру жұмысын жүргізіп, марқұмның туыстарын тапқан. 

Қолда бар мәліметке сүйенсек, Ариф Исмаиловтың ұлты – күрд,  1989 жылы Алматыда дүниеге келген. Бұдан бұрын ақпарат құралдары 36 жастағы Ариф Исмаиловты  курьер деп көрсеткен. Алайда марқұмның туыстары оны ірі кәсіпкер болғанын айтады. Ол  15 жылдан астам уақыт  Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалдайтын көлік-логистикалық компаниясын басқарған. Ал Стамбұлға  бірнеше күнге жұмыс бабымен келген. Оның әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы бар. 

Марқұмның туыстары Исмаиловқа курьер деп айдар тағуында бір мән барын айтады. Өйткені істі ушықтырмау үшін осындай айла ойлап табылған. Әйтпесе, шетелде кәсіпкерді өлтіру қоғамда резонанс тудырар еді. Оған қоса әлеуметтік желіде бұл іске ақша мәселесінің, дәлірек айтқанда марқұмның қарызы болуы мүмкін екені сөз болған. Алайда отбасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Иисмаиловтың бизнесі заңды болғанын алға тартты. 

Туыстарының мәліметінше, кісі өлтіруге үш адамның қатысы бар, олар – Грузия азаматтары болуы мүмкін. Олар тапсырыспен адам өлтіретін жалдамалы топ деп сипатталады. Күдіктілер Түркия мен Болгария шекарасында түнгі сағат 03:30 шамасында қолға түскен. Қаскөйлерді полиция мен жандармерия іздеп, тіпті дрон да қолданылған.

Біз Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Сстамбұлдағы Бас консулы Нуридин мырзаға және сол жерде жұмыс істейтін барлық қызметкерге алғыс айтамыз. Олардың үйлесімді жұмысына ризамыз. Сондай-ақ Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Түркия ІІМ-не кісі өлтірушілерді жедел ұстағаны үшін рақмет, – деп қосты отбасы мүшесі.

Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізіліп, 1 сәуірде жер қойнына тапсырылды. Еске сала кетейік, қылмыс 31 наурызда Сстамбұлдың Фатих ауданындағы Кемал-Паша ықшамауданында болған. Белгісіз біреулер ер адамды атып, оқиға орнынан қашып кеткен.