17.10.2025
19:43
374
СҚО және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

СҚО және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

18-19 қазан күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тасжолы, 1) Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген тауар өндірушілері қатысатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жәрмеңкеде 190-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынады.

Астаналықтар мен қала қонақтарының назарына 1 300 тоннадан астам экологиялық таза және сапалы азық-түлік өнімдері ұсынылады: барлық түрдегі ет, шұжық және консерві өнімдері; сүт және сүт өнімдері, ұлттық сусындар; балық пен бал өнімдері; ұн, макарон және кондитерлік өнімдер; көкөніс, картоп, бақша дақылдары және басқа да тағам түрлері.

Барлық өнімдер қолжетімді бағада сатылады. Жәрмеңкеге Павлодар облысының ірі кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары – «Победа» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Табыс» ШҚ, «BEST MILK» ЖШС, «ЭКО ДОМ» ЖШС, «КЭММИ» ЖШС, «Мяском» ЖШС қатысады.

Солтүстік Қазақстан облысынан ет, сүт және кондитерлік өнім өндіруге маманданған 110-нан астам кәсіпорын өз өнімдерін әкеледі. Жалпы жеткізілетін өнім көлемі 1,3 мың тоннадан асады.

Іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары аймақтық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Келушілердің ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, №37 және №303 бағытындағы автобустар қатынайды.