Солтүстік Қазақстан облысында полиция жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өңірдің тәртіп сақшылары "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Полицейлер әртүрлі әдістерді қолданып, жүргізушілермен әңгімелесу, жасырын патрульдеу, квадрокоптер арқылы бақылауды қолға алған. Сондай-ақ, облыс орталығына кіреберістегі қала сырты жолдарында тәртіп сақшылары жолдың жүру бөлігін тарылту тәсілін де пайдаланып отыр.
Бұл жүргізушілердің назарын күшейтуге ықпал етпек. Бұдан бөлек, автожанармай бекеттерінде де жүргізушілермен тілдесіп, жолдағы жағдайды, көліктің техникалық күйін, жүргізушілердің өз денсаулығын сұрайды.
Айта кететін жайт, жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – заң бұзғаны үшін жазалау емес, оны болдырмау және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға бағытталған. Жеті айда СҚО жолдарында 308 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 419 адам жарақат алды.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, тек демалыс күндері өңірде 800-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталып, 16 мас жүргізуші ұсталды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, апаттылықты азайту – барлық жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл қоғамда нығайтылып жатқан "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасында көрініс тапқан.