СҚО-да есінен танып қалған жүргізуші жол апатына ұшырады

СҚО-да есінен танып қалған жүргізуші жол апатына ұшырады

Солтүстік Қазақстан облысында жүк көлігін тізгіндеп бара жатқан 67 жастағы шетелдік жүргізуші есінен танып, жол апатына ұшырады. Оқиға Айыртау ауданы аумағындағы «Көкшетау – Рузаевка» тасжолының 141-шақырымында болған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Бұл туралы полицияға куәгерлерден хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ерлан Данкин мен Нұрлан Қожахметов жедел жеткен Олар жолдан шығып, орман жолағына тұрып қалған Renault маркалы жүк көлігін анықтаған.

Белгілі болғандай, 67 жастағы шетелдік жүргізуші ауыл шаруашылығы техникаларын Көкшетау қаласына тасымалдап бара жатқан. Оның айтуынша, рөлде келе жатып кенеттен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған.

Полицейлер дереу жедел жәрдем шақырып, жүргізушіні аудандық орталық ауруханаға жеткізуге көмектесті. Одан кейін тәртіп сақшылары ауылдық округтің әкімі Жеңіс Мұқашевпен байланысып, арнайы техника ұйымдастыруға жәрдем сұрады. Нәтижесінде жүк көлігі жол жиегіне шығарылып, жақын маңдағы серіктестік аумағына жеткізілді. Полицейлер бір мезетте жүкті күтіп отырған кәсіпорынмен де байланыс орнатып, олар келіп, көлік пен жүкті алып кетті. Қазіргі уақытта жүргізушіге қажетті медициналық көмек көрсетілуде,-делінген облыстық полиция мәліметінде.