СҚО-да алдағы екі жылда 46 медициналық мекеме салынады

21 Маусым 2023, 11:15 875

Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 46 медициналық мекеме - дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт екі жылда салынып, пайдалануға берілмек, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық мекемелер өңірдің әр ауданында бой көтермек. Биыл 9 нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Қызылжар ауданы Прибрежное ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ел қазынасынан 455 млн теңге бөлініп, осы жылдың мамыр айында құрылысшылар іске кірісті.

Нысанның іргетасын құйып жатырмыз. Жұмысқа 5 маман мен 2 техника жұмылдырылды. Құрылыс материалдары отандық өнім. Кірпіш Подгорное ауылындағы зауыттан жеткізіледі. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жалпы, біздің компания облыс бойынша 6 медициналық мекемені салып жатыр. М.Жұмабаев ауданында 2 дәрігерлік амбулатория, тағы екеуін Қызылжар ауданында және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 2 акушерлік пункт құрылысын бастадық, - дейді «Градстройсервис» ЖШС СҚО филиалының директоры Сәрсенбай Асылбеков.

Дәрігерлік амбулаторияда 2 маман еңбек етеді. Бұл жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тиісті маманға жолдама беріледі.

Дәрігерлік амбулатория барлық талапқа сай болмақ. Кадр мәселесі де шешіледі. Қазіргі таңда елді мекендерге жұмыс істеуге келетін дәрігерлерге төленетін көтермеақы мөлшері де артты. Қалаға жұмысқа келгендерге 1,5 млн, ауылдарда еңбек ететіндерге 2,5 млн теңге беріледі, - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжанов.

СҚО Қызылжар ауданы Прибрежное елді мекенінде бүгінде 1700 үй бар. Қазір тұрғындар алғашқы медициналық көмекті ескі ғимаратта алып отыр. Биыл күзде ауыл халқы жаңа дәрігерлік амбулаторияға келіп, ем-дом ала алады.

Жалпы, Ұлттық жоба аясында СҚО-да екі жылда 46 емдеу мекемесі бой көтермек. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2 млрд 400 млнға жуық теңге бөлінді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: