СҚО-да 51 отбасы жаңа баспанаға ие болды

9 Шілде, 19:38 771

Бүгін Петропавл қаласындағы «Бірлік» шағын ауданында 51 отбасы жаңа үйлердің иесі атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өңірде 549 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда.

Олар кестеге сай аяқталады. Жұмыс сапасына құрылыс компаниясы мен техникалық бақылау тікелей жауапты. Ақаулар анықталса, құрылысшылар жаңа үйлерге  екі жыл кепілдік береді. Бұл ретте баспананы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда зардап шеккен 605 отбасы пәтер кілтіне ие болды, - делінген мәліметте.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 3 993 нысанда техникалық зерттеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша келесі шаралар жоспарланған:

- 700 тұрғын үй салу – 151 аяқталды;

- 1 329 тұрғын үй сатып алу – 605 сатып алынды;

- 1 964 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу – 749 аяқталды.

Инфрақұрылымды тез қалпына келтіру және тұрғындарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Перизат Саденова
Бөлісу: