10.07.2025
11:39
986
Спорттық жарыс кезінде ер адам адамдарға пышақпен шабуылдады

Спорттық жарыс кезінде ер адам адамдарға пышақпен шабуылдады

«Тур де Франс» жарысының төртінші кезеңінде пышақ ұстаған ер адам полиция қызметкеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды El.kz интернер порталы.

Le Parisien басылымының хабарлауынша, әйгілі «Тур де Франс» веложарысының төртінші кезеңінде белгісіз ер адам пышақпен көрерменге қауіп төндіріп, кейін полиция қызметкеріне шабуыл жасаған.

Оқиға Францияның Руан қаласында пелотон келгенге екі сағат қалғанда болған. Жас жігіт жарыстың мәресіне жиналған адамдарды пышақпен қорқытып, жұрт арасында үрей тудырған. Полиция оны тоқтатуға тырысқанымен, ол қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларының бірінің кеудесіне пышақ сұғып алған. Сол сәтте оның әріптесі шабуылдаушыға оқ атып, аяғынан жарақаттады. Кейін ер адам ұсталды. Абырой болғанда, полицейдің бронежилеті оны ауыр жарақаттан сақтап қалған.

Белгілі болғандай, 21 жастағы күдікті психиатриялық ауруханадан қашып кеткен және бірнеше апта бойы іздеуде жүрген. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазір оған қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Дегенмен бұл оқиға веложарыстың уақытында өтуіне кедергі келтірген жоқ. Руан қаласында мәреге бірінші болып «Тур де Франстың» үш дүркін жеңімпазы (2020, 2021, 2024) словениялық Тадей Погачар (UAE Team Emirates) жетті. Осылайша, ол кәсіби мансабындағы мерейтойлық, яғни 100-жеңісін тойлады.

Төрт кезеңнен кейін жеке есепте Alpecin-Deceuninck командасының өкілі, нидерландтық Матье Ван дер Пул көш бастап тұр (16:46:00). Қазақстандық XDS Astana Team командасындағы үздік нәтиже көрсеткен – италиялық Симоне Веласко, ол көшбасшыдан 7 минут 41 секунд артта қалып, 48-орында келеді.

Командалық есепте бірінші орында әзірге нидерландтық Team Visma – Lease a Bike келеді (50:19:52). Ал XDS Astana Team 13 минут 31 секунд артта қалып, 17-орынды иеленіп отыр.

2025 жылғы «Тур де Франс» 5 шілдеде басталып, 27 шілдеге дейін жалғасады. Биылғы жарыста 21 кезең бар. Жалпы, 23 командадан 183 велошабандоз қатысуда.

Авторы: Рауан Бердібек