2025 жылдың 27 маусымында Туризм және спорт министрінің бұйрығымен еліміздің Спорттық этика кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл құжат спортшылар мен жаттықтырушылардың жарыс кезіндегі мінез-құлқына, тәртібіне, қоғам алдындағы жауапкершілігіне және өзге де моральдық ұстанымдарға негізделген. Дегенмен, жаңартылған талаптардағы екі тармақ қоғамда қызу пікірталас тудырды. Олар – спортшылардың жарыс кезінде діни наным-сенімдерін ашық насихаттауға және бейәдеп сөздер қолдануға тыйым салынуы.
Бұл ережелер не үшін қабылданды? Отандық спортқа бұл қажет пе? Бұл тыйым дінді шектеу ме, әлде тәртіп орнату ма? El.kz интернет порталының тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Жаңартылған Спорттық этика ережесі енді тек спортшыларға емес, жаттықтырушыларға, төрешілерге және спорттық ұйым қызметкерлеріне де ортақ.
Олар:
Жаңа этика 2025 жылдың 19 шілдесінен бастап заңды күшіне енеді. Бұл талаптармен спортшылар мен бапкерлер жазбаша түрде танысып, келісімшартқа қол қояды. Сондай-ақ барлық спорт мекемелері Спорттық этиканы көрнекті жерге орналастыруға міндетті.
Отандық спортта дін мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Жарыста жеңіске жетсе де, жеңілсе де «Алланың қалауымен»деп айтатын спортшылар көп. Бір жағынан, бұл – сенімнің күші мен ішкі рухтың белгісі. Екінші жағынан, мұны дінге тым шектен тыс сүйеніп, жауапкершіліктен қашу деп бағалайтындар бар.
Спорттағы теріс ағым өкілдерінің көбейіп бара жатқанын ашық айтып, мәселеге тоқсауыл қою керек дегендердің бірі Мәжіліс депутаты, айтыскер Ринат Зайытов еді. Ол спортта радикалды көзқарастағы азаматтардың көбейіп келе жатқанын да айтқан болатын:
Іс-шараларға барамыз, ортамызда түрлі саланың өкілдері болады. Сол жерде кейбір спортшылар «Біз халифат құрамыз» деп ашық айтып жатады, – деді ол Adal Adam арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әсіресе күш қолданылатын спорт түрлерінде мұндай бағыттағы азаматтар көп. Тіпті кейбірі жарысқа Қазақстан туымен қатар, арабша жазуы бар жасыл туды алып шығатын көрінеді.
ММА жарыстарында бір жағына Қазақстанның туын, екінші жағына жасыл түсті, арабша жазулары бар туды алып шыққан қазақтың жігіттерін көргенмін. Оның не ту екенін түсінбей-ақ қойдым. Бірақ олардың неге осы спорт түрлерін таңдайтынын, жалпы бұлардың мақсатын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Баяғыда сақалына қарайтынбыз, қазір олар сақал да өсірмейді. Кезінде Сирияда сондай жағдай болған. Бір күннің ішінде теңкеріс жасағанда, қауіптің қайдан келгенін түсінбей қалған. Сөйтсе ДАИШ-тың өкілдері билікте жүрген екен. Сондықтан ондай қауіп бізде жоқ деп сеніммен айту қиын. Әйтпесе неге осы күнге дейін ол тақырып зерттеліп, мәселе ретінде көтерілмейді?! – деді ол.
Тоқаев пен Мәжіліс мүшелерінің ұстанымы
Зайытовтың бұл сөздерін өзге мәжілісмендер де қолдап, жат ағымның белең алуына алаңдаушылық білдірді. Тіпті мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, наурызда өткен ұлттық құрылтай барысында дінді теріс бағытта пайдалануға жол жоқ екенін еске салған еді.
Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды, – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи, құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева мен Олжас Сүлеймен де жастар арасындағы жат ағым ықпалының артуына алаңдаушылық білдірген.
Спорттағы дін мәселесі туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың брифингі барысында да көтерілді. Осыған байланысты ведомство басшысы арнайы «Жол картасы» әзірленіп, дін мәселесін жүйелі түрде реттеу қолға алынғанын мәлімдеді.
Дін мәселесі бойынша бізде арнайы «Жол картасы» әзірленген. Соның аясында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда арнайы ұйымдардан мамандарды тартып, спортшылармен жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Әр федерация өз құрамасына жауапты. Жол картасы аясында дін мәселесіне қатысты да мәселе қаралады, - деді министр әріптесіміздің сауалына жауап бере отырып.
Алайда кейбір спорт мамандары мен спортшылар мұндай шектеулермен келіспейді. Еркін күрестен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков дінмен күресуге болмайтынын алға тартты:
Бұл өмірге адам Алланың қалауымен келеді. Ендеше, «барымды салдым, бірақ Алланың маңдайыма жазғаны осы» деген сөзден қандай қауіп бар? Діндегі адам тәртіпті, таза, зиянды әдеттерден аулақ жүреді. Онда тұрған не бар? – дейді балуан.
Ол сондай-ақ дзюдошы Елдос Сметовтің Олимпиададан кейін сәждеге жығылғанын мысал етіп, бұл діни насихат емес, Жаратушыға алғыс айту ғана екенін айтты.
Сен қолыңнан келген амалдың бәрін жасайсың, қалғанын Жаратушыға тапсырасың, – дейді ол.
Әлем чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов Ақшалов «Бірінші бол» YouTube-арнасына берген сұхбатында боксшылардың тыңғылықты жаттығудың орнына жарыс кезінде жіберілген қателіктерін дінмен ақтауға тырысатындарды сынады.
Біздің балалар жекпе-жектен соң «бәрі Алланың қалауымен» деп сұхбат береді. Бұл дұрыс емес. Бірінші кезекте жауапкершілік өзіңде. Төрешіге жеңгеніңді дәлелдеуің керек. Не бел кететін, не белбеу кететін сәт. Сенің жеңіске деген құлшынысыңды көрсе, төреші де ойланады. Ал біздікілер сен тимесең, мен тиме деп жүреді, – деді ол.
Ол сондай-ақ діни сеніммен қатар, еңбек пен тәртіптің де маңыздылығына тоқталды.
Ерте тұр, жаттығуда барыңды сал. 20 рет тартыл десе – 25 рет тартыл. Жекпе-жекте 120 пайыз жұмыс істе. Сонан соң ғана барып «Алланың қалауы» деп айт. Өйткені сен қолыңнан келген амалдың бәрін жасадың, – деді бокс ардагері.
Жаңа ереже бойынша бейәдеп сөздер айту мен ым-ишараға да тыйым салынды. Бұл кейбір спортшылар үшін эмоцияны тежейтін қиындық болса да, тәртіптің бір бөлігі.
Ислам Байрамуков бұл тыйымды қолдайтынын жеткізді:
Дзюдо – өзгелерге үлгі болатын спорт. Қарсыласқа құрмет деген бөлек. Теріс қылық жасасаң, жарыстан шеттетесің. Тәртіп керек, ал тәртіп үшін ішкі рух қажет, – деді ол.
Кейбір спортшылар үшін дін – рухани тірек, мотивация көзі. Ішкі сенем оларға тек жекпе-жекке дайындалуда ғана емес, өмірде де бағыт беруі мүмкін.
Дегенмен спортта ашық насихат, радикалды бағыт, қоғамға қауіп төндіру секілді әрекеттерге жол берілмеуі керек. Сондықтан қабылданған этикалық шектеулер дінді, көзқарасты шектеу емес, тәртіп пен бейтараптықты сақтау талабы деп түсінеміз.
Әр спортшы – өз жолын өзі таңдайды. Бірақ ол жол елдің болмысына, ұлттың тұтастығына нұқсан келтірмеуі тиіс.
Бұған дейін боксшыларымыздың Әлем кубогындағы өнері жайлы сараптама жазғанбыз.