17.08.2025
10:57
1291
Спортта жарқ етіп шығып, көрінбей кеткен жас таланттар

Спортта жарқ етіп шығып, көрінбей кеткен жас таланттар

Елімізде жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Спорт – мемлекет атын әлемге танытатын, елдің абыройын асқақтататын, халықтың рухын көтеретін үлкен күш. Әлемдік додаларда көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалған сәтте тек спортшы ғана емес, бүкіл ел жеңіске жеткендей сезінеді.

Атаулы күнге орай кезінде отандық спортта құбылысқа айналып, жасындай жарқылдап, кейіннен жанкүйерлердің көзінен таса қалған спорт саңлақтарын назарларыңызға ұсынамыз. Жалпы, ел спортында талайды тамсандырып, жанкүйерлерді өрелі өнерімен қуаныш пен шаттыққа бөлеген таланттар аз болмаған. Өкінішке қарай, жасөспірім шағынан талай сында дараланып, спорт мамандары мен жанкүйерлердің көзіне ерте жастан түсіп, кейін ересектер дуына түскенде түрлі себептермен ел үмітін ақтай алмаған спортшыларымыз да аз емес.

Әлихан Аққазынов пен Ерлан Оразаев (футбол)

Қазір елімізде ең көп сыналатын спорт түрі – футбол. Әрине, жасыл алаңдағы бәсеке миллиондар ойыны болғандықтан, ала допқа арбалған жанкүйерлер футболшыларды үнемі сын садағына алып жатады. Оның үстіне елдегі футболдың да жай-күйі мәз емес. Дегенмен тәуелсіздік жылдары қазақ футболында аз да болса айта жүрер жетістіктеріміз бар.

Отандық футболшылар 1999 жылы Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Сол жылғы құрамда Давид Лория, Айдар Күмісбеков, Әли Әлиев, Андрей Травин, Мұрат Динаев, Максим Самченко, Ерлан Оразаев, Әлихан Аққазынов, Евгений Тарасов секілді талантты футболшылар ойнады. Жоғарыда айтылғандардың көбісі кейіннен ұлттық құраманың негізгі ойыншылары болды. Сондай-ақ таланты бола тұра, өз әлеуетін толық көрсете алмағандар да бар. Олар – Әлихан Аққазынов пен Ерлан Оразаев.

Әлихан «Намыста» тәрбиеленіп, кейін «Қайрат», «ЦСКА-Қайрат», «Маңғыстау» командаларында ойнады. «Қайрат» сапындағы алғашқы кездесуін өткізгенде, жасы небәрі 16-да болыпты. Бірінші матчында-ақ талантты бозбала гол соғып үлгереді. Аққазынов Фомичевтің кезінде Қазақстанның жастар және олимпиадалық құрамасында өнер көрсетті. Сол тұста қазақ футболының болашақ жұлдызы саналған ойыншы көп уақытын алаңда емес, аурухана төсегінде өткізді. Аяғын сындырып, бес бірдей ота жасатты. Әлиханның футболдағы карьерасы 23 жасында аяқталды. Сөйтіп, ол бизнеске кетті. Кейіннен құқық қорғау саласына ауысты.

Әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында гол соққан жалғыз қазақ футболшысы Ерлан Оразаев та дәл сондай күй кешті. Нигериядағы әлемдік доп додасында Хорватиямен өткен ойында құрамадағы жас талант Ерлан Оразаев Стип Плетикоса қорғаған қақпаны 67-минутта 30 метрдей жерден дәл көздеді. Бұл гол – біздің әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде соққан әзірге жалғыз добымыз. Өкінішке қарай, Ерлан Оразаев ересектер арасындағы ұлттық құрамада көзге түсе алмады. Кейіннен карьерасын аяқтап, біраз жыл отандық компанияларда қызмет етті, сондай-ақ біраз уақыт Қарағандының «Шахтер» клубында басшылық қызметте болды.

Еркебұлан Сейдахмет (футбол)

Қазақ футболында жасындай жарқылдап, болашағынан зор үміт күткен тағы бір талантты футболшы – Еркебұлан Сейдахмет еді. 2017 жылы Ресейде өткен дәстүрлі Гранаткин мемориалында мергендігімен көзге түсіп, турнирдің үздік шабуылшысы атанып, ә дегеннен шетелдік мамандардың көзіне түсті. Жарыстан орала салып, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол: «Тек қана Қазақстан премьер-лигасында ғана емес, Еуропаның алпауыт командаларында ойнағым келеді. Футболшылардан Бауыржан Исламханға қатты еліктеймін. Ол секілді елімнің мақтанышы болғым келеді», – деген еді.

Сондай-ақ ол Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында гол соққан ең жас ойыншы саналады. Ол 18 жас, 1 ай және 19 күнінде Мажарстан құрамасына қарсы өткен жолдастық кездесуде (3:2) көзге түскен болатын.

Өкінішке қарай, осыдан кейін тараздық жас таланттың жарақаттан көз ашпауы және жұлдыз «ауруына» ерте шалдығуы салдарынан өз әлеуетін толық көрсете алмады. 2018 жылы 18 жасында Ресейдің «Уфа» клубына ауысқанда оны отандық футбол жанкүйерлері төбесіне көтеріп, «Қазақстанның Мессиі» деген атақты есіміне ілестіріп жіберді. Сол жылдың наурызында шабуылшы жаңа клуб сапында «Анжиге» қарсы өткен матчта дебют жасап, Ресей чемпионатында ойнаған 2000 жылы туған алғашқы ойыншы атанды. Бірақ Еркебұланның карьерасы жыл өткен сайын көтерілудің орнына, кері кете бастады.

Арада бір жыл өткен соң, 2019 жылдың ақпанында Еркебұлан жалға алу шартымен Болгарияның «Левски» клубына ауысты. Нәтижесінде Сейдахмет «Левскимен» бірге Болгария чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2019 жылы Сейдахмет «Қайрат» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды. «Қайратта» негізгі құрамға іліне алмаған соң келесі жылы Талдықорғанның «Жетісу» клубында жалға ойнады. 2021 жылы «Қайратқа» қайта оралғаннан кейін Еркебұлан жарқырап көзге түсе алмады. Қазір «Ақтөбе» сапында доп тебеді. Ол жақта да негізгі құрамға іліне алмай, қосалқы құрам ойыншысына айналды.

Бек Нұрмағанбет (бокс)

Боксшы Бек Нұрмағанбет те отандық бокстың болашақ жұлдызы саналған еді. Бокстан жастар арасындағы ұлттық құрама сапында толайым табыстарға қол жеткізіп, талай биікті бағындырған ол 2020 жылы әуесқой бокстағы мансабын аяқтап, кәсіпқой бокста жұдырықтасуға бел буды. Түркістан бокс мектебінің түлегі 2016 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында Таиландта жалауы желбіреген Азия чемпионатында топ жарған болатын. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогы жарысында да үздік шықты.

2018 жылы Ақтауда өткен ел біріншілігінде 81 келі салмақта жеңімпаз атанып, өз салмағында бірінші нөмірлі боксшы мәртебесіне ие болды. Алайда 2019 жылы жарақатына байланысты әлем чемпионатына бара алмағандықтан, оның орнына Бекзат Нұрдәулетов жаһандық додада сынға түсті. Ресейдегі біріншілікте Бекзаттың жасындай жарқылдағанына тек Қазақстан емес, бүкіл әлем куә болды. Жартылай финалда кубалық Ла Крузды, финалда өзбек Ділшодбек Рузметовті жеңіп, алтыннан алқа тақты. Сол жеңісінің арқасында Нұрдәулетов Аммандағы Олимпиадаға іріктеуге барып, Токиоға жолдама жеңіп алды. Осылайша, Бектің Олимпиадаға барамын деген арманы тағы төрт жылға шегеріліп, ол бірден бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бел буды.

2021 жылы Бек әуесқой бокста әлеуетін толық көрсете алмағанын ескеріп, ұлттық құрамаға қайта оралатынын мәлімдеді. Сөйтіп алғашқы жарысы ретінде Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында 86 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алғашқы айналымнан әріге аса алмады. 1/16 финалда ол бразилиялық Кено Мачадоның осал тұсын таба алмай, біржола кәсіпқой боксқа бет бұрды.

Қазір Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүр. 27 жастағы боксшы бүгінге дейін 13 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 11 қарсыласын мерзімінен бұрын ұрып жықты. Бірақ әзірге кәсіпқой бокстағы беделді төрт белдіктің біріне таласатындай деңгейге жеткен жоқ. Айтпақшы, ол қазір әлемге әйгілі мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің командасында жаттығады.

Садриддин Ахмедов (бокс)

Бокстағы әлеуетін толық аша алмай, жанкүйерлер мен мамандардың сенім үдесінен шыға алмаған тағы бір боксшы – Садриддин Ахмедов.

2016 жылы Ресейде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз 69 келі салмақта өнер көрсетіп, жаһандық доданың жеңімпазы атанған еді. Шаршы алаң бәсекесінде жас талант әлемнің әр қиырынан жиналған өз қатарластарын қоғадай жапырып, өз салмағының сөзсіз мықтысы екенін дәлелдеді. Сол жылы Рио Олимпиадасында Данияр Елеусінов 69 келіде топ жарып, Олимпиада бәсекесінде 2004 жылдан бері бұл салмақтың қазақ спортшыларына тиесілі екенін айдай әлемге паш етті. Жанкүйерлердің есінде болса, 69 келіде Афиныда Бақтияр Артаев, Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, Лондонда Серік Сәпиев Олимп шыңын бағындырған болатын.

Осындай тамаша жетістіктерден кейін көпшілік жоғарыда аталған отандық даңқты боксшылардың жолын Садриддин Ахмедов жалғайды деп сенді. Өйткені Ахмедовтың жұдырықтасу мәнері бөлек, соққысы жойқын еді.

2017 жылы 19 жасында ол ересектер арасындағы ұлттық құрама сапына қосылып, 69 келі салмақта 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен, 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіповпен бірінші нөмірлі боксшы атану үшін бәсекелесе бастады. Сол жылы Таиландта беделді Король кубогын жеңіп алса, Нұр-Сұлтандағы Президент кубогында да үздік шықты.

Ұлттық құрамада Данияр Елеусінов, Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов сынды сақа спортшылармен бір салмақта өнер көрсетті. Алайда 2017 жылдың қазан айында Ахмедов күтпеген мәлімдеме жасап, кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Ол канадалық Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды.

Ахмедов кәсіпқой боксты да бөтенсімей, алғашқы жылдары Канадада тәуір нәтижелер көрсетті. Қарсыластарын жойқын нокаутқа жіберіп, әп-сәтте жергілікті жанкүйерлердің сүйікті боксшысына айналды. Алайда Садриддиннің кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жылға жуықтаса да, әлі күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеді. Осылайша, тағы бір таланттың спорттағы «ғұмыры» толық жүзеге аспай қалды.

Сұлтан Әсетұлы (грек-рим)

23 жасқа дейінгі жастар арасында күрес түрлерінен Албанияда өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен отандық балуандар арасынан тұңғыш чемпион атанған Сұлтан Әсетұлын қазір біреу білсе, біреу біле бермейді. Тіпті ол сол жылы Біріккен күрес әлемінің шешімі бойынша дүниежүзі бойынша қазан айының үздік балуандары қатарына енген еді.

Тирана қаласында өткен сында ол барлық қарсыласынан шеберлігімен басым түсті. Бұған дейін Азия чемпионы атанған ол 67 келі салмақта әлем чемпионатының финалында түрік спортшысы Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен жеңген болатын.

Жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейін ол отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, алдағы уақытта бұл жетістігімен тоқтап қалмайтынын айтып, көп жаттығып, ересектер арасындағы әлем чемпионы болуға барын салатынын жеткізген еді. Алайда сол жаһандық додадан кейін ол ешбір әлемдік жарыста даралана алмай, жанкүйерлердің де, мамандардың да назарынан тыс қалды.

Соңғы рет ол бозкілемге биыл Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында шығып, сары құрлық додасында 5-орынға табан тіреді. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол қола жүлде үшін өткен белдесуде Солтүстік Корея спортшысы Чан Кимге 0:7 есебімен жол берді.

Бауыржан Жауынтаев (дзюдо)

Дзюдошы Бауыржан Жауынтаев 2013 жылы АҚШ-тың Майами қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, бірден сақа мамандардың көзіне түсті. Себебі ол да балуан Сұлтан Әсетұлы сияқты өз жас санатында әлем біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген тұңғыш қазақстандық дзюдошы еді. Финалда ол 2011 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Элиос Манзимен белдесіп, «голден скор» бәсекесінде жеңіске жеткен болатын.

Осыдан кейін Бауыржанның болашағына мамандар мен жанкүйерлер үлкен үмітпен қарады. Нағыз бабы мен бағы келісіп тұрған балғын балуан араға бір жыл салып, 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада жауырыны жерге тимей, Олимпиада чемпионы атанды.

2016 жылы ол дзюдодан ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, ұлттық құраманың мүшесі болды. Алайда ересектер сапына ауысқаннан кейін ол да жоғарыдағы спортшылар секілді жеңіс тұғырынан көрінбей кетті. Ел ішіндегі және шетелдегі ірілі-ұсақты турнирлерде жүлдегерлер қатарына кіргенімен, халықаралық деңгейдегі Азия, Әлем чемпионаттары, Гран-при, Гранд-слэм секілді жарыстарда жастар арасындағы жетістігін қайталай алмады.

Жоғарыда біз атап өткен спортшылар жастар мен жасөспірімдер бәсекесінде жарқ етіп шығып, кейін спортта тұрақты түрде көрінбей кеткен саңлақтардың бір парасы ғана.

Мұхамбет Қуатбек (еркін күрес)

Еркін күрестен 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Мұхамбет Қуатбек толық потенциалын көрсете алмай, өмірден өтіп кетті.

 Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының финалында америкалық балуанды жеңген еді.

Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. Кейін ұлттық құрамаға қосыла алмай, 2018 жылы АҚШ-қа бес жылдық виза аштырып, сол жаққа жұмыс істеуге кетіп қалды.

Өкінішке қарай, 2024 жылы наурыз айында 27 жасында өмірден өтті.

«Қуатбектің қазасы бәрімізді сенделтіп жіберді. Жап-жақсы жігіт еді. Түркістан облысы Төле би ауданындағы Мәдени деген кішкентай ауылдан шыққан. Оны 20 келіде күресіп жүрген кезінен білемін. Ақкөңіл, намысшыл еді, кез келген адаммен тіл табысып кететін. Жігітке тән бұзықтығы да болды. Бірақ әрдайым өз орнын білетін. Мені Қарағандыдағы жоғары спорттық шеберлік мектебіне бапкерлікке шақырған. Қарағандыға ауысатынымды естігенде, ол да менімен бірге кететінін айтты. Осылайша, 8-сыныптан бастап сол жақта болдық. 11-сыныпқа дейін тынымсыз еңбектендік. Бұл кездері айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Есесіне, 2014 жылдан бастап спорттық мансабы тәп-тәуір басталды. Азия чемпионы болды, Словакияда әлем біріншілігінде 58 келіде қола жүлдегер атанды. 2014 жылы жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды. Бәрі жақсы келе жатқан», - деп еске алды балуанның бапкері Асқар Бақбергенов Sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.

Айдос Орал (футбол)

Еркебұлан Сейдахмет толық потенциалын ашпаса да,  премьер-лига деңгейінде ойнап жүр. Былтыр Қазақстан чемпионы атанды. Ал дәл сол Сейдахметпен бірге 2017 жылы Гранаткин мемориалында көзге түскен Айдос Орал қазір әуесқой деңгейде қалып қойды.

2017 жылы Қазақстан жасөпірімдер құрамасы Ресейде өткен Гранаткин мемориалында күміс жүлдегер атанады. Құрама капитаны қызметін қарағандылық жас дарын Айдос Орал атқарады. Ол турнир қорытындысы бойынша «Үздік жартылай қорғаушы» болды. Ал Еркебұлан Сейдахмет «Үздік шабуылшы» номинациясына қол жеткізді.

Бірақ одан кейін талантты ойыншы көзге түсе алмады. Ұзақ уақыт «Шахтердің» қосалқы құрамында жүрді. Ал қазір тіпті әуесқой лигаларда ғана көрінеді.

Шалқар Айқынбай (бокс)

Біржан Жақыповтан кейін бокста ең жеңіл салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшысы болады деп күтілген. Шымкенттік жас өрен 2014 жылы Болгария астанасы Софья қаласында жастар арасында әлем чемпионы атанды.

Бірақ Абылайхан Жүсіпов секілді ұлттық құрама өз салмағында көшбасшы бола алмады.

Әзірбайжан астанасы Бакуде бокстан «Жібек жолы» халықаралық турнирінде топ жарды. Бірақ одан кейін Шалқарды көрмей кеттік. Қазір бұл салмақта Қазақстанда Санжар Тәшкенбай көшбасшы саналады.