Спорт төрешілерінің жалақысы көтеріледі

4 Қазан 2022, 16:35 1743

Төрешілердің жалақысы 2022жылдан 2024 жылға дейін кезең кезеңмен көтеріледі. 

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Мәдениет және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы 2022 жылдың 15 қыркүйегінде заң қабылданып, 2 қазан күні өз күшіне енді. Ең басты өзгерістер ұлттық кино түсіруге керек жабдықтардың сұранысы бойынша болды. Ендігі кезекте киноны түсіретін алаң субсидиясы мен қажетті құрал-жабдықтар мемлекет тарапынан және тікелей бақылауында өтетін болады », - деді Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова.

Сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов Түркияда өткен көшпенділер ойынындағы ел құрамасының жетістіктері туралы айтты.

«Қазіргі өтіп жатқан Азия чемпионаттарында кеше көшпенділер ойыны нәтижелері бойынша 3 алтын, 4 күміс, 2 қоланы иеленген. Бүгінгі күні барлығы 135 күміс, 133алтын, 148 қола спортшылар қанжығасында. Осы ретте жеңімпаздардың степендиялары 100 пайызға көтерілетін болады. Төрешілердің жалақысы 2022жылдан 2024 жылға дейін кезең кезеңмен көтеріледі. Олимпиада ойындары бойынша әлем чемпиондары мен жүлдегерлерге берілетін өмірлік степендия 24 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін көтеріледі. Бұл 318 мың теңгені құрайтын болады», - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов.

Қабылданған заң бойынша үйірмелер саны 59-дан 50-ге дейін, ал спорт түрлері 64-тен 24-ке дейін қысқартылған. Үйірмеге қабылдау үшін жас ерекшеліктері де өзгертілді. Сонымен қатар, 105 бұйрық бойынша толықтай жабдықтау бұйрығы ресми түрде қабылданды.

Әлі де өзгертулер енгізілуі мүмкін. Себебі соңғы орын алып жатқан жағдайлар бойынша мәдениет саласында да жаңашылдықтар пайда болу мүмкін. Мысалға, мадениет саласындағы заңды тұлғалар олқылықтар жасайтын болса оларға 2000 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы ұсыныс қаралуда.


Айым Даниярқызы
Бөлісу: