Спорт күні. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортта қандай жетістікке жетті?

17 Тамыз 2023, 12:30 1954

Спорт – тек жеке адамның өмірінде емес, жалпы тұтас мемлекеттің әлеуетін көрсететін күш. Спорт – бұл мәдениет, тарих және дені сау ұрпақ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Спорт күні мерекесі қарсаңында El.kz ақпарат агенттігі тәуелсіздікпен бері Қазақстан спортының қандай қарқынмен дамығаны туралы ақпарат береді.

Тарихи жылнамалар

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы" конституциялық заң қабылданды. Бұл арқылы біз тек тәуелсіздігіміз туралы жариялап ғана қоймай, болашақта әлемдік аренада спорт саласында үздік атанатын мемлекеттің іргетасы қалағанғаны туралы айттық.

Еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жыл толу мерей тойы аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұнайтпасовтың туғанына 150 жыл толуымен тұспа-тұс келгенінің өзі үлкен белгі секілді.Өйткені, Қажымұқан ауыр салмақ дәрежесіндегі палуандар арасында француз күресінен әлем чемпионы атағын ресми түрде жеңіп алған алғашқы қазақ спортшысы.

Біздің спорт тарихындағы 1913-1914 жылдары Семей қаласында алғашқы футбол командалары құрылды. Олар, "Олимп", "Ласточка", "Орлята" және "Ярыш". Тіпті, соңғы аталған клубтың құрамында жазушы, ақын, драматург және ғалым Мұхтар Әуезов өнер көрсетті.

Кеңес Одағы кезеңінде қазақтың атын мәшһүр қылған спортшыларымыз аз емес. Мысалы, тұңғыз олипиада чемпиондары: баскетболшы Алжан Жармұхамедов пен палуан Жақсылық Үшкемпіров. Қазақ жерінен шыққан тұңғыш әлем чемпионы, былғары қолғап шебері Валерий Рачков.

Үлкен жетістіктер кезеңі

Қазақстан үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жеңісті әрі жемісті болды деуге келмейді. Өйткені, біздің өлкеде саясаттағы алғашқы маңызды қадамдар жасалды. Экономикада ауқымды реформалар басталды. Бірақ, сол кезеңде сарапшылар Еуразия құрлығында жаңа спорт державасы дүниеге келді деген пікірде болды және олар қателеспеді.

Өйткені, құрлықтық және әлемдік біріншіліктерге қатысатын қазақстандық спортшылардың қатары жыл өткен сайын көбейе берді. Кейін, тіпті олимпиада ойындарын бағындыра бастады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы олимпиадалық медальді Владимир Смиронов Норвегиядағы олимпиадада қоржынымызға түсірді. Ол 10 км қашықтыққа жүгіру жарысынан күміс жүлде иеленді. Оған қоса, Владимир сол олипиадада алғашқы алтынымызды да алып берген болатын. Жеңіл атлет 50 шақырым қашықтыққа жүгіру жарысынан жеңімпаз атанды.

Жалпы, 1994 жыл Қазақстан спорты үшін табысты жыл болды. Себебі, сол жылы Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында еліміз жақсы нәтиже көрсетті. Аталған сайыста еліміздің намысын 210 спортшы қорғады. Хиросима қаласында жарыс қортындысы бойынша, 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль алып, командалық есепте 4-ші орынға жайғастық. Біздің алдымызда тек танылған әлемдік көшбасшылар – Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея болды.

Ал 1996 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет жазғы олимиадалық ойындарға қатысты. АҚШ-та өткен додаға елімізден 96 спортшы (72 ер, 24 әйел) қатысып, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлде иеленді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жалпы жеті жазғы және жеті қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, 80 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, 14 жазғы және қысқы Азия ойындарына жолдама алып, жарыс қорытындысы бойынша 753 медальға ие болды.

Қазақстан әлемдік аренада

Әлемдік аренадағы жетістіктердің арқасында Қазақстанға ірі сайыстарды өткізу құқығы берілді. Мысалы, 1997 жылы 2-ші Орталық Азия ойындары, 2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындары және 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада қазақ жерінде өтті. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан шахмат, бокс, күрес, ауыр атлетика, дзюдо және тағы басқа көптеген спорт түрлерінен жүздеген ірі жарыс өткізді.

Ұлттық спорт

Қазақстанда 20-дан астам түрі бар ұлттық спорт түрі қарқынды дамуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған сандар бойынша ұлттық спортпен айналысатындар саны ел бойынша 300 мыңға жуық адамға жуықтаған.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен үлкен жарыстар өтті. Бұл дегеніміз әлем тарихында қазақ спортының ойып тұрып орын алатынының айқын дәлелі.

Равиль Ашығали
Бөлісу: