Ғалымдар өмірлік мақсат пен деменция арасындағы байланысты анықтап, спорттың ішекке әсерін түсіндірді және неге тұмау уақытша COVID-19-дан қорғайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өмірлік мақсат деменция қаупін төмендетеді
14 мыңға жуық ересек қатысушыны қамтыған ұзақмерзімді зерттеу нәтижелері бойынша, өмірінде мақсат пен мән сезінетін адамдар есте сақтау қабілетінің бұзылысына сирек ұшырайды. Оларда когнитивті бұзылулар өмірлік бағыты жоқ адамдарға қарағанда кешірек дамыған. Бұл әсер тіпті Альцгеймер ауруына жоғары генетикалық бейімділігі бар адамдардан да байқалған.
Спорт тек дене пішінін емес, ішекті де өзгертеді
Ғалымдар анықтағандай, қарқынды жаттығулар ішек микробиомын өзгертеді. Спортпен шұғылданатын адамдарда пайдалы бактериялар мен шырышты қорғап, зат алмасуды жақсартатын заттар көбейеді. Бұл дегеніміз спорт бұлшықет пен жүрекке ғана емес, ішек арқылы да денсаулыққа пайдасын тигізетінін білдіреді.
Риновирус пен коронавирус: тұмау COVID-19-дан қалай қорғай алады
Жаңа зерттеу көрсеткендей, тұмаумен ауырғаннан кейін коронавирус жұқтыру қаупі уақытша төмендеуі мүмкін. Бұған интерферондар – риновирус кезінде белсенділік танытып, жаңа инфекцияларға жылдам әрекет етуге көмектесетін ақуыздар себеп. Әсіресе бұл әсер балаларда айқын байқалады, себебі олардың иммундық жүйесі белсендірек жұмыс істейді.
Ми мен қолдың ептілігі арасындағы алғашқы дәлел
Приматтарға жүргізілген зерттеу нәтижесінде: бас бармақ неғұрлым ұзын әрі қолдың ептілігі жоғары болса, ми соғұрлым ірі болатыны анықталды. Ақыл-ой мен ақпаратты өңдеуге жауап беретін неокортекс дәл осы дәл қимыл қабілетімен қатар дамыған. Бұл біздің қолымыз бен миымыздың эволюциясы миллиондаған жыл бойы қатар жүргенін дәлелдейді.
Ғалымдар: ет обыр қаупін төмендетуі мүмкін
Америкалық ғалымдардың жаңа зерттеуіне сәйкес, етті тұтыну өлім-жітім қаупінің артуымен байланысты емес. Керісінше, жануар ақуызын көбірек жеген адамдарда қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупі сәл төмендеген. Бастысы, қалыпты мөлшерде тұтыну және теңгерімді тамақтануды ұмытпау керек.