Сөз төркінін түсінген жөн

4 Қыркүйек 2018, 09:57 6680

Cөздің турасы жақсы

«Қазақ бірін бірі құрытты!» - дейді. Осы сөз көп ауыздан қайталанады. Бірақ соны айтушылар осы сөз тіркесінің арғы төркініне бойлап, ойланып барып жатқан жоқ. Егер ойланса, «бұл қалай» деп, қазақтың қанына сіңген, осынау кеселдің себеп-салдарын іздесе, олай айтпас еді.

Оның бірінші себебі, Ресей өзіне бодан болған біздің елдің бұрынғы, дағдылы, ата-баба тарихынан келе жатқан көшпелілер елінің мемлекеттік жүйесін талқандап, жоқ етті. Бұрынғы хан жарлығы, ұлылы-кішілі билердің (әр жүздің бас биі, әр рудың, әр атаның, әр тайпаның билері) ауыл ақсақалдарының билігін, яғни көшпелілер өркениетінің мемлекеттік жүйесін жойды. Бұрын солар арқылы мемлекеттің елдік қалпы сақталатын, салт-дәстүрі қорғалатын, жұртшылық арасына тәлім-тәрбие жүргізілетін, көші-қонды шаруа, жер мәселесі қалыптастырылып отыратын.

Сол дағды жойылған соң ел есеңгіреп қалды. Енді бұрынғы ел басқару жүйесінің орнына өздеріне таныс емес Ресей патшалығының – отырықшы елдің; батыс өркениетіне еліктеуші, бірақ олардан көп артта қалған патшалықтың; Батыс елдері соңғы жылдарға дейін қайталап айтып, оны коммунистер кеңес кезінде бадырайта көрсетіп келген, «отсталая, темная, аграрная Россия» анықтамасына ие болып келген елдің билігін зорлықпен қабылдады.

Сөйтіп бізге бейтаныс, қазақтың тыныс-тіршілігіне, шаруашылығына қайшы келетін, яғни көшпелілердің мыңдаған жылдар бойына өмір сүруіне басшы болып келген өркениет заңдылығына қарама-қарсы қайшы келетін өздерінің өркениетін енгізбек болып қитықты. Қазақтар оны бірден қабылдай алмады. Қанында, генінде тұрған дағдыны бірден жойып жіберу мүмкін еместігі айқындалды. Ген жеті ұрпаққа дейін сақталатындығын медицина ғылымы дәлелдеп отыр. Тарихшылар әр ұрпаққа 30 жыл береді. Яғни гендегі дағды түгел жойылу үшін 210 жыл керек екен.

Ресей патшалығы кезінде қазақты халық деп есептемеуге тырысып, бұрынғы көшпелілердің ұлы одақтарына, айбынды мемлекеттеріне кеткен есесін олардың заңды мұрагерінен (сол нәсілдікті олар анық біліп отырды) қарымта етіп қайтармақ болды. Сөйтіп, қазаққа қатысы бар мәселелерді бас-көзге ұрып, тұрпайы түрде шешумен болды. Оның негізі – өкіметтің жоғары-төмен чиновниктері қазақтардың арасындағы кедергі мәселелерді шешу тұсында пара алуды алғы шарт етті. Сол қасіретті дағды дала тұрғындары үшін тұрақтап, «жазылмаған заңға» айналды. Енді екі қазақ қандай да бір мәселеде келісе алмай қалғанда ұлықтарға пара берді. Және кім көп пара берсе, мәселенің анық-қанығына қарамастан соның пайдасына іс түйіні шешілді. Өйткені ұлық қанша әділ боламын дегенмен далалықтардың психологиясын, тіршілік заңдылықтарын білмейді ғой. Білмеген соң ақшаның мөріне қарайды, кім көп берсе, соның айтқаны «дұрыс», ал ақшасы жоқтар мал береді.

Міне осындай соқыр заңдылыққа қазақтар иек сүйеп алды да ұлықтарға пара беру арқылы, ол үшін жала жауып бірін бірі көрсету арқылы «дегініне жетіп» жүрді. Осы арыз жазу бірте-бірте қазақтың қанына сіңіп, арылмайтын дағдыға, өмір әрекетіне айналды. Тіпті бір сәттік әңгіме үстінде, дәреже салыстыру үстінде келісе алмай қатты сөзге келіп қалысса да арыз жазды. Осы  «арыз» деген сөздің этимологиясын байқап көрелікші.

Біздің ежелгі мәдениетіміздің бір үші орта ғасырлық жалпы түркі елдерінің ортақ тілі – шағатай тіліндегі әдебиетте, оның ішінде моғолстан мемлекетінің мәдениетінде (ұлы жүз түгел сол моғолстан құрамына енді ғой), олардың көрнекті өкілдері Бабур, Мұхаммет Хайдар Дулати еңбектерінде жатқаны белгілі. Көз көрім жердегі дерлік Қаз дауысты Қазыбектің Орынбор генерал-губернаторына жазған екі хаты шағатай тілінде жазылған, алпысыншы жылдардың бас кезінде табылып, «Қазақ әдебиеті» газетінде факсималиесі, қазақ тіліндегі мәтіні жарияланды.

Мұны айтып отырғанымыз әлгі жоғарыда аталған ұлылардың жазбалары қазақтарға да мәлім болған. Бабурдың «Һарузнаме» атты кітабы бар, яғни «һарызға арналған жазбалар». Сол кітабында ол әдебиетке, өлеңге талдау жасайды, оның теориясын анықтайды. «Арыздың» негізгі міндеті сол. Әлгіндей ұлықтарға жазған көрсетінді хаттарын қазақтарда «арыз» деп алды. Бабур өлеңге анықтама етсе, ерегескен қазақтар һарузды – арыз деп өздерінің дау-дамайларын анықтап көрсетуге пайдаланды. Осы арызшылдық ұзақ тұрақтап, қазақтың трагедиясына айналды.

Қазақ халқының бойындағы көшпелілер цивилизациясынан қалған әдетті Кеңес үкіметі де бірден қырғын-сүргінге салып жойып тастамақ болды. Олар 70 жыл бойына сол қазақтың қазақтығын жою үшін күресті. Жоғарыдағы есеп бойынша (210 жыл) бұл уақыт өлшемі аз еді. Ал әлгі арызшылдық кеңес кезінде тіпті күшейіп, бұрынғыдан да асқынып кетті. Әсіресе 37 жылғы репрессия кезінде өрттей қаулады. Сталин тұтатқан сол өрт қазақ жеріне келгенде тіпті өршіп кетті. Оның себебі – бұрынғы өзінің елдік заңы жойылған, ал Ресей өзі қараңғы болғандықтан бізді тіпті тағы есебінде ұстады. Сол кеңес үкіметі тектілерді жойып, жарлы, жалшыларды «бұл сенің үкіметің. Сен елге қожасың, сенің диктатураң орнады. Билік сенің қолыңда» деп бұрынғы маңғаз мәдениеттің бәрін жойып, оның орнына жұмысшылардың, жалаңаяқтардың «мәдениетін» орнатты. Оған «пролеткульт» деп атақ беріп, Ленин оны жоққа шығарғансыды, бірақ мемлекеттің идеологиясы сол бағытты ұстанды.

Осы жаңа заманның бет алысы қазақ жеріне келгенде жағымпаздар ол заңды қожайынынан да асырып жіберді. Сөйтіп шала сауатты, тексіздер билік басында отырып мансап, шен салыстырып көрінген дүние маңында дау-дамай тұрғызып жатты. Сол тұсқа репрессия келгенде әлгі тексіздер өздерінен ақылды, дарынды, сауатты жандарды – елдің қаймағын қара тізімге тізіп берді. Сондықтан сталиндік зауал біздің елде аяусыз қарқын алды.

Бас аяқ – аяқ бас болған сол заманда әсіресе тектілер тұқымы айықпас зардап шекті. Кеңес үкіметі «он саусақты бірдей етіп теңеймін» деп – «уровниловка» деген сөзді іске асырды. Жалқау мен еңбекқоры, дарынсыз бен дарынды, қабілетті мен қабілетсіз теңестірілді. Әрине мұндай теңестірушіліктің арасынан жарықшақ шықпай тұрмайды. Өйткені, әлгі салыстырманың әлді жағы да, әлсіз жағы да қарап отырмайды. Әлсіздердің көреалмаушылық ауруы бойына туа біткен дерт. Ол үнемі өз сыбағасын біреу алып қойғандай маңайына алакөздікпен қарап, жоғарыға шағым айтумен, бүркеніш атпен арыз жазумен болады, сөйтіп, қоғамға тыныштық бермейді.

Ал әлділер көздері көріп отырған әділетсіздікті әшкерелеуге тырысады. Өйткені, өзінің еңбегінің құнды екенін біледі, бірақ сол еңбегі әлсізге жем болып жатыр. Сондықтан, кеңес үкіметі ойлап шығарғандай «сын түзелмей – мін түзелмейді», «сын қоғамның қозғаушы күші», «коммунист қырағы болуы керек, ол өзгені жөнге салады» сияқты ұрандар шығарды. Ал ол ұрандар бойынша біреуді біреу көрсетуі керек, шағым жазуы керек, сынауы керек.

Болып өткен репрессиялар кезіндегі бірін бірі құрыту өз алдына, одан басқа да ірілі-ұсақты саяси компаниялар болып жатты. Елуінші жылдардың басындағы Шойынбаев бастаған топтың Бекмаханбетовтар тобына шабуылы кезінде СОКП ОК-не жазылған арызда қазақтың сол кезде қайта өрлеп жетілген 150 ардагерлерінің тізімі көрсетілген. Басы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов болып қызметінен айырылды, қуғынға түсті. Ал Бекмаханбетов, Жұмалиев, Ысмайловтар 25 жылды мойындарына байлап, тұтқын лагерлеріне жөнелтілді.

Тағы бір «бірін бірі құрытудың» көзі – кеңес үкіметі кезінде қазақтың қоғамдағы орынын өз елінде, өз жерінде отырса да екінші қатарға ысыруда жатыр. Бұл жөнінде өзге халықтар арасына жайылған, содан біздің өз арамыздан шыққан маргиналдарға жұққан «қағазға жазылмаған заң» зымысқы саясат бар. Ол бірақ жазылған заңнан пәрменді түрде жүргізілді. Біз жоғарыда айттық қой: «Ресей патшалығы кезінде бағынышты қазақ елін менсінбей, «көшпелі, басы ауған жағында жүретін жартылай тағы ел» деп қарайды деген айғақты. «Қажетті мәселелерін шешу – пара алу арқылы жүргізілді» - дедік. Ал кеңес кезінде: «біз сендерді ел еттік» деп отырып-ақ қазақтың шұрайлы жерлерін басып алды. Әсіресе Хрущев авантюрасның жемісі «тыңға шабуыл» кезінде сол қазақты өзінің шұрайлы жерінен ығыстыру сорақы дөрекілікпен жүргізілді. Оның бәрін санамаламай-ақ қояйық. Жерден ығыстыру, облыстық қазақ газеттерін, қазақ мектептерін, бала бақшаларын, қазақ театрларын жабу, қазақ ауылдарының орындары қаңырап бос қалу және басқалары өз алдына, біз бұл жерде ол жайлы жанап өтіп жатырмыз.

Сол тұста қызмет бабы өскендердің көбі – маргиналдар, орысқа үйленгендер, көзқамандар еді. Олар қазаққа орыстардан жаман қырғидай тиді. 1960 жылдардың басындағы Америкада негрлерге қарсы дискриминация болған кезде қара нәсілдерге мулаттар ақ нәсілдерден жаман тиісті, өздерінің қаралардан аз да болса артықшылығын көрсету үшін сөйтті. Міне, сондай көрініс әлгіндей қазақтың өз ішінен шыққан сатқындарда да болды. «Маған қазақ келсе кіргізбе, олар ылғи жалобамен жүреді» деген маргеналдарды білеміз, әлі де солар қоғамда жоғары саналады. Олар – кеңес кезіне шаң жуытпай мақтайды, өйткені өзінің дегені болып тұрған кезге не жетсін. «Қазақ болып туғаныма арланамын» деген ағаларымыз да болды. Солар нағыз қазақты менсіне ме, өз қандастары болса да аямайды ғой. «Қазақ бірін бірі құрытты» дейтін сөз тіркесінің бір ұшы осында жатыр.

Бүгінгі тәуелсіздік алған күнде де біз жоғарыда айтқан арызшылдық, бірін-бірі күндеу, маргиналдық сойқандық асқындамаса басылған жоқ. Сол жұқпалы дерт сияқты дағды әлі басымдықта.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: