Сөз тапқанға қолқа жоқ

8 Қыркүйек 2018, 10:56 11588

Ескіден қалған есті сөз

Абылай хан заманында

Орта жүз Арғын елін Алтайдың қалмағы неше мың қолмен келіп шауып кетеді. Қостаған жылқы, қоралаған сиыр, қотандаған қойды айдап кетіп, онымен қабат құл қылам деп жас жігіттерін, күң қыламыз деп қыз-келіншектерін бірге әкетеді.

Абылай қалмақ еліне жүз кісі сайлайды. Алыстан орайтын, кеңінен толғайтын Абылай хан айтады елшілеріне:

– Елдеспек елшіден – жауласпақ жаушыдан деген сөз бар еді. Атыспақ оңай, табыспақ қиын. Елші жіберіп теңдік алсақ, нақақ елдің сағы сынып, туы жығылмас болар, – деп  100 кісі іріктеп Тайгелтір биді басшылыққа белгілейді. Солай елшілер аттанғалы тұрған мезгілде астына телқоңыр тай мінген бір бала ортекеше ойнатып келіп мына сөзді айтады: «Хан тақсыр, мен балалар арасындағы тай бәйгесіне қосылып бәйге алып болдым, енді ат бәйгесіне қосылғым келеді. Мынау жау жеріне баратын жұртқа жүз бір қылып мені де жіберіңіз» - депті. Сонда хан балаға қарап тұрып: «Табыңда туысың артық туған бір бала екенсің, астыңдағы тайың жақсы екен, барсаң бар» – депті.

Жүз бір елшіні шығарып аттандырып тұрғанда хан айтады:

– Таудағы түлкіні бабындағы тазы алады, құзғындаған лашынды шалғындаған қаз алады деген. Сіздер елші болып бара жатқандарыңызды естеріңе қатты ұстаңыздар, бірлік сақтап, үлкенің сөзін кіші тыңдасын. Басшыдан бастап атшыға дейін ел қамы үшін атқа мінгендеріңізді ұмытпаңыздар, орынды жерде мынау баланың сөзін де тастамаңдар.

Сонымен жүз бір елші қалмақ еліне жетеді. Бала тайына мініп 100 атты бағып жүргенін қалмақ ханының әйелі көріп оған келіп айтыпты. Хан ашуланып, «Мені келемеждеп, тайға мінгізіп бала жібергені үшін барлығын тұтқындап алайын», – деп қаһарланыпты. Сонда әлгі баланы көрген ханым айтады ханға:

– Хан тақсыр, бала дегеніңіз сұңқар шығар, мінген тайы тұлпар шығар, қазақ қабырғалы қалың ел деуші еді, жүз бір елшісін қабылдаңыз.  Хандық қалпыңызды сақтаңыз, кісі елінен келген елшіні сыйламағаныңыз, өз еліңізді аямағаныңыз болып табылады.

Сонда хан «Жарайды, ордама келіп сөйлессін», – деп елшілерге хабар беріпті. Ордаға келіп сөйлескенде басшы болып келген манағы Тайкелтір би хан алдында кішірейіп сөз бастапты:

– Өгізді өлеңге – ерлікті серенге байлап, алдыңызға келдік кішірейіп, – дейді. Елшінің мына  сөйлеген сөзі ханның ашуына жол ашып бергендей болады. Хан бұрқырап «Ордамнан шық!» – деп қумақшы болады. Бұл жағдайда келген елшілердің бәрі де сасқалақтап, еш бір сөз айта алмаған. Сонда босаға жақта отырған бала орнынан атып тұрып:

– Е, хан сабыр етіңіз! – депті. – Ел ебелек емес, ер көбелек емес, тақсыр, деген екен.

Қалмақ ханы:

– Сонда сен кімсің? – деп сұрапты, әлгі бала айтады:

– Нәсілім – қазақ, – руым – Қаракесек,  әкемнің аты – Келдібек, өз атым – Қазыбек. Балалар арасында тай бәйгесіне қосылып озып шығып едім, енді ат бәйгесіне, міне, бірінші рет қана қосылып келіп отырмын. Сонда хан «Әлгінде дат дедің ғой бала, датыңды айтшы – дегендегі баланың сөзі:

– Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпайтын  жәй жатқан елміз. Елімізді жау баспасын деп, жерімізден құт қашпасын деп, білектің күшіне, найзаның үшіне үкі таққан елміз, жау аяғына басылмаған елміз, адал ниетімізді жасырмаған елміз, достық бірлікті сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, атаның өсиеті балаға, баланың анты атаға – жан арымнан садаға. Еліміздің салты осылай, еріміздің анты осылай. Сіздер сияқты асқақтаған хандардың ордасына топтана келген елміз. Сен қатты болсаң, темір шығарсың, мен еріткелі келген көмір шығармын, сен аспанда ұшқан құс болсаң, мен іліп түсер сұңқар шығармын, сен жерде жортқан аң болсаң – мен қуып соғар тұлпар шығармын, сен жыртқыш қаблан болсаң – мен алысқалы келген жолбарыс шығармын. Жау тілегенге – жасын деген, айыбыңды мойында да алдымен тұтқындаған ұлдарым мен қыздарымды босат. Айыбыңды мойындамасаң тұратын жеріңді айт, айып жапқалы келгенімді енді байқа!

Сонда қалмақтың ханы айтады:

– Абылайға сәлем айтыңдар, мына бала ел бастап, жұрт ұстағалы тұрған ұл екен, беттеген беті түзеліп, лаулап жанып тұр екен, сөздері орынды. Даусы қаздың даусындай саңқ-саңқ етеді екен. Сондықтан мұның аты «Қаз дауысты Қазбек» болсын. Содан былай Қаз дауысты Қазбек атанған деседі.

Хан сөзге тоқтап келісім жасап, көзі бар малдың көзін, көзі жоғына төлеуіне айып түгендеп бергеннен кейін елшілер аттануға ыңғайланып жатқанда, қолында жетелеген қара қасқа тұлпары бар, иығында жанат ішігі бар, белінде алты қарыс ақ семсері бар қалмақтың ханы далаға шығып тұрғанда, тұтқыннан босаған Абылай елінің бір жігіті оған айтады:

– Мен Абылай елінің жылқышысы едім – астыма мініп келген қанатты қара жүйрік атым бар еді, сол көрінбейді. Үстімде жап-жаңа киіп келген тонымды тартып алып еді, бермеймін деп қарсыласқанда аузымдағы отыз тісімді сындырып еді.

– Ат дегенің сырты түк, іші боқ емес пе, тон дегенің тоқтышағымның терісі емес пе, тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде бола бермей ме, біткен істің міні болмайды, – депті хан.

Сонда Қазбек бала айтады:

– Ер жігіттің мінген аты қанат емей немене, үстіндегі тоқтышағы терісі жанат емей немене, аузындағы отыз тісі болат емей немене, қанатын қайырмаңыз, жанатын айырмаңыз – болатын майырмаңыз, – депті.

Сонда қалмақтың ханы:

– Сөз тапқанға қолқа жоқ, айтылған сөз – атылған оқ деген еді, жарайды теңдігіңді түгел беремін деп қанатыңа тұлпарымды бердім, тоқтышағыңа терісі жанаттай болса жанатымды бердім, болатыңа болатымды бердім, - деп беліндегі алты қарыс ақ семсер болатын беріпті. Осы сапарда Қаз дауысты Қазбектің өнерімен теңдік алып, Орта жүз Арғын елі үлкен той жасаған деседі.

Тоқсан биден жеткен сөз

Тоқсан би дүниеден өтер шағында жиналған көпшілік, «Кейінгі біздерге айтып қалдыратын нендей өсиетіңіз бар?» деп сұраған екен. Сондағы сөзі:

– Аса биік болсаң асыларсың, өте  төмен болсаң аяққа басыларсың, орташа болсаң қатарға қосыларсың. Тоймасты тойдырам деме, есің кетер, болмасты болдырам деме өмірің бекерге өтер. Аз ғана елге басшы болсаң – жоқтаусыз болып басың кетер. Шаруаң әлсіз болып, өзің бұзық болсаң, жығып салып алқымыңды әркім езер.

                                                  ***

Тоқсан биден бір мәжілісте Сарыбай деген кісі сұраған екен. Ақыр заман болуына нендей ишаралар бар – һәм белгілері қандай? Сонда Тоқсан айтқан екен:

– Ақыр заман боларда адамдық – ақыл досы кетіп, болмашы -амалы қалады, адамның жақсысы кетіп, шабаны қалады, көлдің суы бітіп, табаны қалады. Сиыр пұл болады – қатын би болады. Қынама белбеу, тар шалбар, «сен білмесең – мен білемін!» деушілер шығады. Сол уақытта бет-бетіне шұбырған тырақай дейтін ел болады, адамы тырна қатар тізілген біз болады. Ат ариды, тон тозады. Сол уақытта қайран сабаз ерлерден, жұртта қалған ит озады. Саналы ерде ұйқы жоқ, жақсы әйелде күлкі жоқ, жақсының жолы қайырлы, соғылмайтын түлкі жоқ, жаман кесапат бүлінбейтін мүлкі жоқ.

                                                 ***

Тоқсан бидің ақырзаманға орай тағы бір сөзі. Ақырзаман боларда балалар пақыр болады, жер тақыр болады, шай деген ас шығады, ағайыннан қас шығады. Ел билігі жастарда болады, ақылы кем мастарда болады. Бақ деген ұшып жүрген шыбын болады, ол таздың басына, пұшықтың мұрнына қонады. Көл тартылып шөл болады, орыс- қазақ бірігіп ел болады. Ағар бұлақ сарқылады, көпір ұзын тартылады, ата тілін ұл алмайды, ана тілін қыз алмайды, көңіл әр тарапта басқа болады, қолыңдағы барлы-жоғың сол болып, тайша тұрымға жүк артылады.

 

Тоқсанның би сайлануы

Жабай бидің Сексен, Тоқсан деген баласы бар екен. Әкелері қайтқан соң шешесі балаларына: «Пәлен деген би бар еді, соған барып алдынан өтіңдер, - дейді. Екі бала шешелері сілтеген бидің үйіне екінді кезінде жетеді. Қарт би дәрет алып далада жүр екен, келгендерден жөн сұрайды.

– Уа, кімнің баласысыңдар?

– Жабайдың.

– Уа, балалар, бір биенің қымызы құрсақта емес, қуықта жүрер. Үйге кіріп шай ішіңдер, – дейді кәрі би. Сексен тұрып «Қымызы жоқ несіне барамыз?» – дейді де қайта айналып ауылына кетіп қалады. Тоқсан ақсақалды қолтықтап үйіне бірге кіріп кетеді, сол үйде қонып әңгіме тыңдайды.

Балалары барып алдынан өткен соң Жабайдың бәйбішесі кәрі биді еліне шақырады. Ағайын-туғандарын жинайды.

Жабайдың үйіне келген соң кәрі би:

– О, бәйбіше, осы үйдің шаңырағы қисықтау екен ғой, – дейді.

– Қисықтау болса да түтіні түзу ұшушы еді ғой, - дейді бәйбіше.

Жиналған жұрт Жабайдың орнына би етіп сайлауға Сексенді ауызға ала бастайды. Сонда қарт би:

– Әй, жұртым, сексен көп пе, тоқсан көп пе? – деп сұрайды.

– Е, тоқсан көп, - дейді жұрт.

– Онда ордаға би етіп Тоқсанды қоямыз, Сексенге батырлықты береміз, - дейді қарт. – Билік айтуға сабырлылық керек, ел тағдыры шешілер жерде шыдамдылық қажет. Сексен әпербақандау, Тоқсан байыпты. – депті.

Сөйтіп Тоқсан он алты жасында алдында жиырма алтыдағы ағасы тұрса да би сайланыпты.

 

Қасқыр аулап адасу

Жабай бидің баласы Тоқсан он бес – он алты жаста жүйрік кер ат мініп жүреді екен. Атының жүйріктігі сондай, қасқырды қара жерде соғады.

Өз жұртынан шеткері елде әкесімен жүр екен, сол күні көбік қар жауып, нағыз қансонар болады. Мұндай күнді бос жібермейтін Жабай аңға шыққалы жатқанда Тоқсан да талпынып атына мінеді.

– Балам, жат жер ғой, адасып кетерсің, - деген әке сөзіне тоқтамай, аңшылармен қабаттасып жүре береді. Жүйрік кер ат қойсын ба, өзгелерден озып кетіп, бір қасқырдың арланын соғып алады. Олжасына қуанған бала жан-жағын барлай алмай жолдан адасады. Сол түні дала кезіп жүріп, таң ата бір түтінді көзі шалады.

Салып-ұрып келсе, бір ауқатты үй екен. Атын байлап, үйге кіре бергенде әйелі «Тағы кім еді сүйретілген, жік-жапар болмай тыныш отыр» деп күйеуіне ұрсып жатқанын құлағы шалып қалады.

– Ассалаумағалайкөм! – деп кіріп келеді.

– О, балам, тоңған екенсің ғой, - дейді үй иесі. Сонда Тоқсан бала тұрып:

- Далада  қонған оңбайды.

Түлкі ішік киген тоңбайды.

Тоқсан қулық саусаң да,

Сақа биедей болмайды.

Әйеліңіз тоқал екен ғой. – депті де қасқырды үй иесінің алдына тастай салыпты.

– Ә, балам, жөніңді айт. Кімнің баласысың? – дейді ақсақал.

– Жабайдың баласы едім, - деп жол жүрген жөн-жобасын айтқанда:

– Ә, балам, алғашқы олжасын өзгеге байламас болар, өзің ал. Әкеңе сәлем айт, билікті енді қойсын, ендігі билікті саған берсін, - депті қария.

 

Бәйбішенің басын көтертуі

Тоқсан бидің жас кезі екен. Найманның шонжары Сандыбай қайтыс болады. Артында Ерден, Дүзен атты екі бала қалады. Ерін уайымдап бәйбішесі бас көтермей жатып алды дегенді естиді де Тоқсан би:

– Мен сол бәйбішенің басын көтертер едім, – дейді. Сол мақсатпен жол жүріп Сандыбай аулына жетеді.

– Ассалаумағалайкөм! – деп үйге сәлем беріп кіреді. Бәйбішеге көңіл айтады. Бірақ ол басын көтермейді. Сонда Тоқсан шарта жүгініп алады да:

– Ата өлсе, бала бар,

Жұртын жауы алмайды.

Атан өлсе, бота бар,

Жері жеуде қалмайды.

 

Мал көтереді өлімді

Дос көтереді көңілді.

Жүйрікті бу көтереді.

Кемені су көтереді.

Алланың өлшеп берген уақыты жетсе,

Өз жаның да о дүниеге өтер еді.

 

Сандыбай еді арыстан.

«Сандыбайлап» Найман жауға шабысқан.

Тайталаста алдына елі келіп табысқан.

Сол арыстанның дәмі бітіп,

Пейішке қарай жаны ұшқан.

 

Көтер басыңды,

Іш асыңды.

Сандыбайдың өлгенін естіп көңіл айтқалы келдім.

Бай іздеп жатсаң алғалы келдім.

Мен Тоқсан келгенде басыңды көтермесең,

Мына қамшымен арқаңа дүре салғалы келдім. – депті. Сонда бәйбіше:

– Мен шалды іздеп жатыр дейсің бе, ұлдарым аман болсын. Елден ұл туды ма деп жатыр едім, туған екенсің! – деп басын көтеріп, батасын береді.

 

 

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: