Сөз бостандығы болмай – журналистика дамымайды

26 Қазан 2022, 19:03 2952

Егемендікпен бірге ақпарат саласында сөз еркіндігіне қол жеткізіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық БАҚ өзінің даму жолын бастады. Біз баспасөзде табанды еңбек етіп, танылып, одан кейінгі жылдары студент жастарға кәсіби маман ретінде қалыптасуға дем беріп, өзінің ұзақ жылдық тәжірибесін шетелде білім алумен ұштаған, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, СДУ Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының Аға оқытушысы  Есенгүл Кәпқызымен сұхбат құрдық.

– Сіз еңбек жолын бастаған уақыт еліміздің егемендік алуымен тұспа-тұс келді. Бүгін сол өткен күндерге шегініс жасап көрсеңіз. Ол кезеңдер қандай еді? Сіз қандай едіңіз? Еңбек тәжірибеңіз қай жерден бастау алды?  

– Елімізде егемендік декларациясы қабылданған кезде мен бірінші курстың студенті едім. Алматы жалындаған жастардың ортасы ретінде бағаланатын. Әлі де желтоқсанның күшті рухы сезілетін. Жастардың көзінен азаттыққа, бостандыққа деген құштарлық сезім көрінетін. Белсенді жастардың қатарында болып, қоғамдық өзгерістерді бақыладым. Менің бір байқағаным, еліміз егемендік алған тұста ақпарат саласында ауқымды ақпараттандыру болмады. 

1991 жылдары тәуелсіздік алған кезімізде телеарнада болсын, газет-журналда болсын тәуелсіздіктің насихаты көп болды деп айта алмаймын. Дегенмен, сол жылдары «Желтоқсан», «Азат» секілді қоғамдық ұйымдардың десі басым еді. Олардың ықпалы, ел алдындағы беделі өте күшті болды.

– Тәуелсіздік сіздің өміріңізге және қызметіңізге қалай әсер етті? Сол кездері журналистика саласында қандай тың жаңалықтар мен өзгерістер болды? 

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистикаға енді ғана араласа бастаған жас маман болдым. Университетте түркология деген сабақты оқып жүрген кезімізде бізге төте жазуды жазып үйретті. Бірақ, мен төте жазуды мектеп қабырғасында жүргеннен бастап үйренген едім.

Осы білімім төте жазумен шығатын «Шалқар» газетінде еңбек жолымды бастауға мүмкіндік берді. Алғашқы еңбек жолымды осы газетте корректор болып бастадым. Бір жылдан кейін тілшілік қызметке ауыстым. Содан кейін бұл газет «Қазақ елі» деген атаумен шыға бастады. Мен бұл газетте де бір-екі жыл істедім.  

Сол жылдардағы негізгі өзгеріс ретінде айтарым, баспасөздегі еркіндіктің пайда болуы дер едім. Сол кездері «Сөз», «Дат» деген газеттер шығатын. Өте жақсы оппозициялық басылымдар болды, қоғамның қалғып кетпеуіне, сергек болуына орасан зор үлес қосты деп айта алам. Жаңадан арналар ашылды.

«Қазақстан», «Хабар», «КТК» телеарнасының сол кездері ақпарат таратуы мүлде басқаша болды. Үнемі кешкі сағат 20.00-де жаңалықтарды міндетті түрде жиналып, тыңдайтын едік. Бір қызығы, сол кездері телеарналарда көңіл көтеретін бағдарламадан гөрі, сараптамалық бағдарламалардың саны көбірек болды. Мысалы, «Хабар» арнасында «Жеті күн», КТК-да «Шарайна» деген секілді бағдарламалар болды.

ХХІ ғасырдың басында Қазақстанда интернеттер пайда бола бастады. Ал 1998 жылы орыстың Navigator деген сайты болатын (кейін атауы zona.kz болып өзгерді). Соларға қарап үнемі қызығатынбыз. Біздің елімізде осындай порталдардың болғанын қаладық. 

Естеріңізде болса, алғашқы компьютерлер қазақ тілінің шрифтерін оқымайтын. Қазақ тілінде жазу үшін көп жерге жүгіріп, жұмысымыз қиындап кеткені бар. Бір компьютердің жазғанын екінші компьютер оқымайтын, көптеген құжаттардың қазақша нұсқасын ашу мақсатында ақ тер – көк тер болып жүретінбіз.

2002 жылдары алғашқы қазақтілді www,tarlan.kz  деген сайтты  сол кездегі Орталық Азия зерттеулер институтының директоры Ерлан Карин ашқан еді. Сол сайттың жауапты редакторы болып мен біраз уақыт қызмет еттім. Бірақ, қаржыландыру болмай сайт тоқтап қалды. Дегенмен, сайттың берері көп болды.

Ал «Түркістан» халықаралық апталығында 1999 жылдың соңынан бастап, 2014 жылдың күзіне дейін табаны күректей 15 жыл жұмыс істеппін.  2014-2016 жылдары Сүлеймен Демирел атындағы университетте ашылған «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі болдым. Қазір осы университетте аға оқытушымын.

2018 жылы Болашақ бағдарламысының стипендиясын жеңіп алып, Англияның Ньюкасл қаласында тәжірибемді жетілдірдім.

– Сіздің журналист ретіндегі ең жоғары бағалайтын еңбегіңіз қандай?

– Менің жазған мақалама жоғарыда отырған шенеуніктер сол сәтте реакция білдіріп, мәселенің шешілуіне ықпал еткен кездер болды. Мен көбінесе ұлт, тіл және оралмандар мен білім тақырыбында жаздым.

Журналист ретіндегі жетістігім 2009 жылы Мінбер журналистер одағын құру болды. Соның аясында журналистерге білім беріп, көптеген жас мамандардың басқаша ойлауына көмектесіп, жаңа бағдарға жол аша білдім деп ойлаймын.  

2004-05 жылдары Түркістан газетінде жүргенде ҰБТ-ның тапсырушылардың үлес салмағы қазақ тілінде көп, ал орыс тілінде өте аз болды. Бірақ, тағайындалатын грант саны екі жаққа теңдей бөлінген болатын. Мен маман ретінде сол кездегі білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтен себебін сұрап, сұхбат алған едім. Сол жылдары бұл мәселе алғаш рет көтеріліп, тез арада шешімін тапқан болатын. Журналист ретінде көтерген мәселемнің шешілуі мен үшін жетістік болды.  

2002 жылдары Қазақстан әлі де Советтер одағының әскери билетін қолданып отырғанын көрдік. «Бұл неге олай?» деген сұрақ қойған кезде, олар бізге «қағаз жоқ» деген жауап берді. Сол кезде 10 жыл өтсе де, әлемде жоқ мемлекеттің әскери билетімен отырған Қорғаныс министрлігін сынап, «Түркістан» газетінің бірінші бетіне шығардық. Содан кейін «бұл олқылықтың орнын толтырармыз» деген Сағадат Нұрмағамбетовтың өзінен жауап келді. Сол күннен бастап билеттер берілмейтін болды. Айтқан сөзім жерде қалмай орындалып жатса мен бұны жетістік дер едім.

Содан кейін баса айтатын бір дүние, менің жетістіктерімнің бірі және бірегейі «Мінбер» журналистер қолдау орталығын құруым дер едім. Осы орталық арқылы біз (әріптестесім Асхат Еркімбаймен бірге) қазақ журналистерінің білімін көтеруге атсалыстық. Жаңа медиа технологиялары, медиа этика, медиа құқық, медиа сауат және дата журналистиканы дамыту мақсатында 50-ден астам тренингтер ұйымдастырдық. Қазақ тілінде оқулықтар дайындадық. www.minber.kz порталын дамытуды қолға алдық. Яғни, бұл ұйымды құру арқылы біз қазақ журналистикасын үш түрлі бағыттан қолдауға тырысып бағудамыз. Бірінші, ағартушылық, түрлі семинар-тренингтер арқылы журналистерді жаңа машыққа баулу; екінші, теориялық, әртүрлі бағыттағы оқу құралдарын дайындау арқылы жаңа біліммен байыту; үшінші ақпараттандыру. Яғни, жоғарыда атап кеткен сайтымыз арқылы шамамыздың жеткенінше жаңа буын журналистикасын қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Бұны мен мақтанышпен айта аламын.  

– Сіздің Англияда білім алғаныңыз жастарға мотивация берді. Тілді меңгеріп, салт-дәстүрі бөлек елде білім алу қиын болған жоқ па? Тәжірибелі журналист ретінде екі елдің ақпарат саласын салыстырған боларсыз?

– Дұрыс айтасыз, тіл меңгеріп, өзге елге барып білім алдым.  

Қазақ журналистикасын қай тұрғыдан алып қарасақ та, шетелмен салыстыруға келмейді. Біріншіден, бізде бәрі бір сөз бостандығында шектеулер бар. Бізде әлі күнге дейін мемлекеттік және оппозициялық деген түсінік қалыптасқан. Ақпараттың үгіт-насихаттық миссиясы басым. Демек, біз әлі күнге дейін ақпарат саласының миссиясын түсіне алмай жүрміз. Тіпті «ақпарат құралы» деген сөздің өзі дұрыс емес. Көптеген елдерде «медиа» деген сөз қолданылады. Ал журналистиканың миссиясы не? Британдық телерадиокорпорация ВВС оның міндетін – ақпараттандыру, білім беру және көңіл көтеру деп айқындаған екен. Ал бізде ше?

Советтер одағынан келе жатқан бір миссия – БАҚ-ты пропаганда құралы ретінде қолдану. Ал Батыс журналистикасында мұндай тәжірибе жоқ. Англия қоғамын консервативті қоғам дейді. Кезінде ақпарат құралдары бұол елде де қатаң бақылауда болған. Бірақ, Бһбүгінде бұл елде мерзімді басылымдар (кейде баспа БАҚ деп те жүрміз) мен интернет басылымдарды  тіркеу міндетті емес және оларға салық салынбайды. Ал, бұл талап телерадиоға келгенде басқаша. Сол себепті де екі БАҚ түрі екі түрлі кодексті басшылыққа алады. Екі ұйымның қарауында.

Яғни, Үкімет БАҚ-тың дамуына осылай қолдау жасап отыр деген сөз. Бізде мұндай қолдау жоқ. Бізде мемлекеттік тапсырыс арқылы ақпарат құралдарын қолдау тетігі бар. Үкімет осы арқылы ақпарат құралын бақылап отыр.

БАҚ немесе медиа саласы тәуелсіз болуы керек. Ақпарат құралдары оппозициялық немесе мемлекеттік деп бөлінбегені абзал.

Шетелдік ақпарат құралдары бізден 50-60 жылға дамып кетті. Оны мойындаған жөн. Біздің журналистикада жиі кездесетін жағдай ақпараттың шынайылығын тексеру кемшіл. Біреуден естігенді жариялай саламыз, оны нақтылау деген жоқ. Сонымен қатар, шетелде дата журналистикамен жұмыс істеу жақсы қалыптасып, дамыған. Ал бізге ол енді ғана келіп жатыр. Біз санмен, деректермен жұмыс істеуді енді ғана үйреніп жатырмыз. Сондықтан біздің журналистика белгілі бір шырмаудан, шектеулерден шыға алмай отыр. Қазір де көңіл көтеретін тақырыптарға көбіне мән береміз және қоғамды да соған үйретіп алдық.

– Бүгінде қазақ журналистикасында салалық, тақырыптық бағытта дамыту керек дегенді жиі естиміз. Мұның маңызы неде? Бұл қаншалықты қажет?

– Салалық жуналистика бізге керек және оны дамыту маңызды. Қазіргі кезде қаржы, экономика тақырыбын жазатын журналистер пайда болды. Саясат пен руханиятты да жиі жазатындардың барын байқауға болады. Алайда ғылым мен технологияны жеріне жете жазатын журналистер саусақпен санарлық.

– Сізді медиатренер ретінде жақсы білеміз. Қазақ журналистерінің кәсіби біліктілігін көтеруде нақты қандай қадамдар керек?

– Ең әуелі, медиа сауат тақырыбындағы тренингтерді көбірек ұйымдастырған абзал болар еді. Содан кейін, әрине медиа этика, сыни ойлау дағдысын қалыптастыру деген мәселелерге назар аударсақ. Сондай-ақ, мультимедиалық машықты дамыту, сан мен датамен жұмыс істеуді үйрету, Дата журналистиканы IT саласымен байланыстыра отырып дамыту секілді мәселелерді қолға алу керек. Мәселен, Батыста «computational journalism» деген бар. Әсіресе The Guardian газеті жақсы пайдаланады. Бізге мұндай түсінік әлі жеткен де жоқ.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: