Сот жүйесіне цифрлық талдау жасайтын құрал әзірленіп жатыр - министр

2 Қыркүйек 2022, 16:20 1763

Бағдат Мусин Президент Жолдауына қатысты әлеуметік желіде пікірін жазды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында күрделі проблемаларды шешудегі цифрландыру саласының рөлін атап өткен. Соның ішінде жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдер енгізілетінін мәлімдеді.

«Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Олар түсінікті, дәл және проактивті болады. Сонымен қатар ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына салықтық жеңілдік жасалып, оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Президент өз жолдауында сот жүйесіне ерекше тоқталды. Мысалы, қазір цифрлық талдау жасайтын құрал әзірленіп жатыр. Сол арқылы сот төрелігін атқару ісін біріздендіруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдау көрсетілетіндерді анықтайтын жүйені автоматтандыру мәселесіне назар аударды. Қазір біз скоринг нұсқасында қалыптастырылған жүйе жасау мүмкіндігін әзірлеп жатырмыз. Ауыл шаруашылық жерлері, су ресурстары, ирригациялық жүйелер мен көлікке қолжетімділік жағдайы туралы бытырап жатқан деректер бірыңғай цифрлық платформада біріктіріледі»,- дейді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, геологиялық ақпараттардың бірыңғай деректер банкін жасап болған соң осы саладағы инвестклиматты жақсартуға және үдерістерді ашық жүргізуге жол ашылады.

Жолдауда игерілмеген немесе заңсыз берілген жерлер тақырыбы да көтерілді. Бұл орайда жерді қайтару және есепті ауыстыру жұмысы жүргізіледі.

«Әрине, бұл процестердің барлығы Цифрлық даму министрлігінің көмегімен жүзеге асады. Жолдауда айтылған бағыттар бойынша жұмысты жандандырып, жаңа міндеттерді орындауға дайынбыз»,-деп атап өтті министр.

Бөлісу: