Соңғы үш жылда елімізде 41 ІТ-мектеп ашылды

26 Қазан 2022, 13:22 1619

Биылғы жылдың басынан бері ол мектептерде 55 мыңнан астам оқушы оқып жатыр

Соңғы үш жылда Қазақстанда 41 IT мектеп ашылды. Ал биылғы жылдың басынан бері ол мектептерде 55 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

ІТ-мектептер заманауи құрал-жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ оқушылар үшін балаларда цифрлы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленді.

«Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы цифрландыруға үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің мектептер электронды қызметтерді пайдаланады, онлайн олимпиадалар, онлайн жарыстар өткізеді, құжаттар электронды форматта да қабылданады. Үш апта бұрын елімізде ТМД-ға мүше мемлекеттердің съезі өтті. Жиында әріптестеріміз цифрландыру білім беру үдерістеріне қалай енгізіліп жатқанын атап өтті. Әрине, біз балаларды цифрландыруға үйретуді қолдауымыз керек. Ол үшін ІТ-мектептерді кеңінен ашуды қолға алып отырмыз. ІТ-мектептердің ерекшелігі ІТ-технологиялар саласындағы мамандану, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Жыл сайын IT-мектептердің саны арта береді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Бүгінгі таңда ІТ-мектептерде оқитын балалар жалпы білім беретін пәндер мен робототехника бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына белсенді түрде қатысып жүр. Биыл Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) оқушыларымыз 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан атынан беделді олимпиадаға 4 оқушы қатысты. Оқушыларымыз әлемнің 90-ға жуық елінің 350-ден астам қатысушымен бәсекелесіп, жүлделі орындарға ие болды.

Бөлісу: