Соңғы қоңырау салтанаты өте ме? Вице-министр жауап берді

15 Мамыр 2023, 17:10 18973

Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова «Соңғы қоңырау салтанаты өткізіле ме?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі

Оның айтуынша, соңғы қоңырау өткізбеу туралы тапсырманы министрлік бермеген.

Соңғы қоңырау салтанатын өткізбеу туралы бұйрық шығарылған жоқ. Министрлік білім бөлімдеріне мұндай тапсырма бермеді. Соңғы қоңырау салтанатын, түлектер кешін қалай өткізетінін, мектепте немесе мектептен тыс жерде өтетінін әр мектеп жеке шешетін болады. Біз мектеп қабырғасында өткізуді ұсынамыз, - деді вице-министр. 

Сондай-ақ ол оқушылар мен ата-аналар тарапынан мұғалімдерге кез келген сыйлық жасауға тыйым салынатынын еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Шымкентте соңғы қоңырау өткізілмейтіні туралы ақпарат тарап, қызу пікірталас туындаған болатын. Бұған облыстық Білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызының өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған жазбасы себеп болған еді.

Соңғы қоңырау деген сөздің өзі бүгінде құлаққа түрпідей естіледі. Неге соңғы? Өмір жолына алғаш қадам басу күні болар. Сондықтан да мектеп бітірушілер үшін мереке салтанатты түрде маусымның 20-ларына, оқушылар емтихандарын аяқтаған соң, аттестаттарын қолдарына құрметпен ұсына отырып, мектеп бітіру кешін өткізген дұрыс емес пе? Басқарма басшысы болғандықтан, көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. 31 мамыр соңғы қоңырау деп жалдамалы қымбат көліктерге, аспанға адамдарды алып ұшатын шарларға, тікұшақтарға, тіпті коттедждерге дейін тапсырыс беріп қойған ата-аналар кездесуде. Оны қалай түсінуге болады? «Барлығы баламыздың көңілі үшін» дейді. Ол қандай көңіл? Ал бала қауіпсіздігіне кім жауап береді? Апат айтып келмейді. «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөз бар емес пе? - делінген жазбада.

Жанат Тәжиева түлектер үшін қауіпсіздік сақтала бермейтініне де тоқталған.

Соңғы қоңырау күндері қаншама мектеп бітіруші жол апатына ұшырап, таудан құлап мерт болған жоқ па? Ол да сабақ болар уақыт жеткен сияқты, - деп жазды ол.

Сондай-ақ ол мектеп бітірушілердің жасайтын сыйлықтарына шүйлікті.

Мектеп бітірушілерден мектепке, ұстаздарға сыйлық не үшін керек? Олар ақша тауып жатқан жоқ қой. Мектепті 20, 30, 40 жыл бұрын бітіргендер болса, онда қарсы емеспіз. Өз алтын ұясына жағдайы келгенде кезде қол ұшын созса. Алайда мектептердің материалдық базасы қанағаттанарлық жағдайда, тіпті жақсы десек те болады. Мемлекет онсыз да қамқорлығына алып отыр емес пе? Мектеп бітіру кешін, емтихандар аяқталған соң, аттестатпен бірге салтанатты түрде мерекелік кеш ұйымдастыра отырып табыс еткен дұрыс болар. Ол үшін ақша жинаудың, сыйлық берудің не қажеті бар? Ал сол күні де балалар тойханаларда тойламай-ақ, өз мектеп қабырғасында балалық шағының қызықты сәттерін еске алып, ұстаздарымен бірге өткізсе, ол да үлкен тәрбие емес пе? Тойханаларда тойлау алда ғой. Сіз не дер едіңіз? - делінген басқарма басшысының жазбасында.

Кейін Жанат Тәжиева соңғы қоңырау өткізілмейтіні туралы қандай да бір ресми ақпарат таратылмағанын айтқан болатын.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: