Солтүстік және шығыс аймақтарда жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталуы мүмкін

19 Қыркүйек 2023, 11:20 871

Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үкімет басшысы жылыту кезеңі басталғанға дейін өте аз уақыт қалғанын және солтүстік пен шығыс аймақтарда ауа райына байланысты жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар. Кейбір жылу көздерін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін. Теміртау қаласының 2-ЖЭО-да №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылады. Жезқазған ЖЭО-да №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстың тек 4% орындалды. Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде. Сонымен қатар жылыту маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатынын ескерсек, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеуі керек, – деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

Аталған өңірлердің әкімдері Энергетика министрлігімен бірлесіп жөндеу жұмыстарының барысына күнделікті мониторинг жүргізіп, жылыту кезеңінде қажетті жылу қуатын қамтамасыз етсін деген тапсырма берді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: