Солтүстік Қазақстандағы су қоймаларының қазіргі жағдайы қандай

14 Сәуір, 03:47 827

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының қазіргі жағдайы туралы мәлімет белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, қазір аймақтағы су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, қоймалардың бұзылу қаупі жоқ екені айтылды. 

10 сәуірде Сергеев су торабында судың максималды деңгейі - 4 метр 25 см болған. Содан бастап су көлемінің күнделікті 10-15 см төмендеуі байқалып отыр. Судың максималды ағыны секундына 4870 текше метрді құрады. Бұл ретте су торабының өткізу мүмкіндігі секундына 11 400 текше метр екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда су ағыны секундына 581 текше метр. Сергеев су торабы көп факторлы тексеруден өткен, техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Су қоймасында су тасқынының белсенді кезеңі өтті, - деп жазылған су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан мәліметте. 

Ал Петропавл су қоймасында су ағыны секундына 3 923 текше метр шамасын байқатты. Су торабының өткізу мүмкіндігі секундына 6 330 текше метрді көрсетті. Аталған су торабы да 2022 жылы көп факторлы тексеруден өткен. 

Сондай-ақ, 2023 жылы екі су торабының жұмысы бойынша қауіпсіздік декларациясы берілген. 

Перизат Саденова
Бөлісу: