Астанада Ақмола, Абай және Павлодар облыстарының фермерлері қатысқан кезекті соғым FEST өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңке инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Kоktal» сауда орталығында ұйымдастырылды. Мұнда Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылды.
«Koktal» сауда орталығымен бірлесіп, соғым Fest фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Соғым Fest-тің өтіп жатқанына екінші апта болды. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі алты аптадан бері ұйымдастырылып келеді. Бүгінде жәрмеңкеге 30 фермер қатысып отыр. Жүз тоннадан астам соғым әкелінді. Ал ұсынылып отырған өнімдер базар бағасынан 15-20 пайызға арзан, - деді инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен соғым Fest фестивалін өткізу – бұл жергілікті өндірушілер үшін тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік. Мұндай іс-шаралар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және қазақ дәстүрлерін сақтауға ықпал етеді.