5 Наурыз 2015, 03:11
Ұлы Отан Соғысының жетпіс жылдығына орай, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының қолдауымен Алматы қалалық түлектерді қолдау және бейімдеу орталығы аясындағы, Жастар үйінде ардагерлер мен жастардың кездесуі болып өтті. Шараға ҰОС ардегерлері, аудан әкімдігінің өкілдері, жастар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Шара барысында ардагерлер, кешегі сонау сұрапыл соғыс жылдарында бастан кешірген оқиғаларын өскелең ұрпақпен бөлісіп, ал жастар тарапынан қонақтарға жеңіс тақырыбындағы бейнебаяндармен концерттік қойылымдар көрсетілді. Шараның басты қонақтары, ардақты ардагерлеріміздің сөзінен, «қазақ, ел басына күн туғанда, жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық» болғандығын тағы бір мәрте аңғардық. Кешегі өткен, Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарай келе, жігерлі халқымыз қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетті.
Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында жүрген майдангерлеріміз үшін, бәйшешектей гүл ғұмыры күндіз-түні еңбекпен өткен әжеміз Рамазанова Бижамал Рамазанқызы, жасынан сұрапыл соғыстың қиын шақтарында күн кешіп, орта біліммен жас бүлдіршіндерге сабақ беріп қана қоймай, тыл жұмыстарына белсене ат салысқанын баян етті. Жиын барысын жалғастырушы, Қазақ КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, ардагер атамыз Жаныбеков Шангерей Жаныбекұлы өз ойларымен бөлісе отырып, соғыстағы қолданған тактикалар, сол кездегі қиыншылықтарды айта келе, елімізде осындай бейбітшіліктің мәңгі болуын тілеп, өзінің өсиеттерін сөз етті.
Сонымен қатар, Жанасов Жанша Жанасұлы және Темірханов Олжабай аталарымыз, қазақ батырлары, рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевпен бір тағдырлас және көрші фронтта қатар соғысып, фашистік идеологияны жер мен жексен еткендерін айта келе, соғыстан кейінгі жылдары, жеңіске жеттік деп арқаны кеңге салмай, ардагер аталарымыз еліміздегі қазіргі уақыттың өзінде жұмыс жасап жатқан үлкен зауыт, фабрика құрылыстарында маңдай терлерін төккенін айтты. Бүгінде сол мекемелер елдің игілігі жолында, жұмыс жасап жатқандарын көріп, мол бақытқа кенелетіндерін айтып, көңілдеріне қуаныш ұялады.
Жиын соңында, әрбіріміздің көкейімізде «Жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды» деген ой түйілді. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға тәрбиелеу.
Арман Қалбеков
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының хатшысы