10.12.2025
11:29
462
SMS хабарлама алған жастар әскери комиссариатқа баруға міндеттеледі – Қорғаныс министрлігі

SMS хабарлама алған жастар әскери комиссариатқа баруға міндеттеледі – Қорғаныс министрлігі

Елімізде әскерге шақырту туралы SMS-хабарламаларды заңдастыру рәсімі толық аяқталды. Бұл туралы Мәжілісте Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әубәкіров мәлімдеді.

Оның айтуынша, смс алған әрбір әскерге шақырылушы жергілікті қорғаныс департаментіне келуге міндетті. Шақыру науқаны барысында жыл сайын 20 мыңнан астам жас әскер қатарына шақырылады.

Көшеден алып кету – жалған ақпарат. Ондай жағдайлар жылына 5-10 рет қана кездеседі, ол да тек бірнеше мәрте шақыртуға келмегендерге қатысты профилактикалық шара кезінде болады. Бір емес, екі емес, үш-төрт рет шақыртуға келмеген жастар туралы айтылып отыр, – деді Әубәкіров.

Қорғаныс министрінің орынбасары керісінше, мыңдаған жастың әскери борышын адал өтеп жатқанын, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

Бүгінде әскерге өз еркімен келіп жүрген жастар көп. Мемлекет оларды қолдап, кредиттік демалыс береді. Жуырда үш мыңға жуық сарбаз жоғары оқу орнына грант алды. Неге осы жайлы айтылмайды? – деді ол.

Әубәкіров әскерге шақыртудан жалтарғандар алдымен өздеріне сұрақ қоюы керектігін де айтты.