Смайылов: Мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты наразарында

20 Маусым 2023, 16:19 905

Премьер-министр Әлихан Смайылов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мемлекеттік борыштың қалай қайтарылып жатқаны жөніндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты наразарында. Осы саладағы жұмыс халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Қазір борыш қауіпсіз деңгейінде қалыптасып отыр. Ол жалпы ішкі өнімге 24,7% құрайды. Мемлекеттік борышты азайту және оған байланысты бюджет шығыстарын азайту мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдап жатыр, - деді ол.

Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылығын жалпы ішкі өнімге 2,7%-дан кезең-кезеңімен әрі қарай төмендету. Ол жаңа қарыздарды алуға және шығыстардың өсуіне шектеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Екіншіден, бюджеттің өз кірісін ұлғайту. Ол үшін салықтық және кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі, цифрландыру жалғасады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің өз кірісі 42% өсті. Биылғы өсім 40% болады деп жоспарлап отырмыз. Осындай жоғары қарқынды әрі қарай қамтамасыз етуіміз керек, - деді Смайылов.

Үшіншіден, Үкімет қарызды негізінен ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Ол валюталық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу. Соның негізінде халықаралық депозитарийлерді тарту. Ол бізге шетелдік инвесторларды кеңінен ішкі қор нарығына тартуға мүмкіндік береді және қарыз алудың құнын төмендетеді. Жалпы, алдағы 5 жылда мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімге 25%-дан аспайды деп болжап отырмыз, - деді премьер-министр.

Еске сала кетейік, Әлихан Смайыловтан Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мемлекеттік борыштарды қайтару бойынша Үкімет қандай шараларды іске асырып жатқанын сұраған болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: