Смайылов «Бұқара-Орал» магистральді газ құбырының жаңа желісін тексерді

10 Тамыз 2023, 14:33 1162

Премьер-министр Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Бұқара-Орал» магистральді газ құбырының жаңа желісін салу барысымен және «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолының жағдайымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы мен оған іргелес аумақтар «Бұқара-Орал» және «Жаңажол-Ақтөбе» магистральді газ құбырларының үш желісі арқылы газбен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, жыл сайынғы халық санының өсуі, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарының салынуы газ тұтыну көлемі мен қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отыр.

Премьер-министр бұл мәселені шешу мақсатында Ақтөбе қаласына «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісінің құрылысы басталғанын атап өтті.

Ауқымды жобаның жалпы құны 43,4 млрд теңгені құрайды.

Сағатына 526,5 мың текше метр өткізу қабілеті бар 165 шақырым магистралды газ құбыры салынбақ.

Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жаңа газ құбыры Ақтөбе қаласының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және 3 трлн теңгеден астам сомаға 17 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осындай ірі жобаларды салу кезінде отандық компоненттер мен материалдарды пайдалануды арттыру қажет екенін атап өткім келеді, – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан кейін Үкімет басшысы Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге өтетін транзиттік дәліздің бір бөлігі «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолы учаскесін аралап көрді.

Бұл учаскеде көлік қозғалысының қарқыны өте жоғары – күніне шамамен 16 мың көлік, оның ішінде 4 мың жүк көлігі өтеді.

Дегенмен жолдың бүгінгі жағдай халықтың наразылығын тудыруда. Жағдайды түзету мақсатында биыл жолды жамау/шұңқырды жөндеу, тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолын I техникалық санатқа ауыстыра отырып, кешенді түрде күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, бұл жол төсемінің сапасын күрт жақсартып, көлік қозғалысын арттыруға мүмкіндік береді.

Автожолды күрделі жөндеу кезінде 262 шақырым жол қазіргі екі жолақтыдан төрт жолақтыға дейін кеңейтіледі.

Сондай-ақ жоба аясында 202 су өткізгіш құбыр;

23 мал өткелі;

18 көпір және 12 айналма жол салу және күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: