Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.
Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі биыл біздің ел – «ИННОПРОМ» көрмесінің серіктесі, осыған байланысты қазақстандық тараптан мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құралған ресми делегация келіп отырғанын айтты.
Біздің компаниялар өздерінің әзірлемелерін көрсету, тиімді және перспективалы іскерлік байланыстар орнату үшін берілген мүмкіндікті толық көлемде пайдаланады деп санаймын, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыстар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастың ерекше сипаты мемлекеттер басшылары кездесулерінің жоғары қарқынымен де расталып отыр.
Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осы жылы оң динамика сақталуда – қаңтар-мамыр айларында өзара сауда 5%-ға өсіп, $9,2 млрд-ты құрады.
Елдеріміз арасындағы көпжоспарлы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіжақты өзара іс-қимылдың және сауда айналымын ұлғайтудың кең ауқымды мәселелерін шешуде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру маңызды, — деді ҚР Үкіметінің басшысы.
Осылайша, өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде $437,8 млн-ға 13 ірі кооперациялық жоба және $3 млрд-қа 9 жаңа жоба іске асырылды.
Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Қазақстан үкіметі барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті, — деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.
Өз сөзінде Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің Қазақстанмен достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуды сөзсіз басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.
Біздің ынтымақтастық уақытпен тексерілген және сыртқы сынақтарға төзімділігін бірнеше рет дәлелдеген, — деді М. Мишустин.
Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.