2025-2026 жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде смартфондарды пайдалану тәртібі қатаңдатылмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Білім беру процесіне кедергі келтіретін гаджеттерге шектеу қою арқылы оқушылардың үлгерімін арттыру көзделіп отыр.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі оқушыларға сабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салынғанын растады. Алайда үзіліс кезінде оқушылар гаджеттеріне қайта қол жеткізе алады. Айта кетейік, бұл тыйым заңнамалық негізде 2024 жылдан бастап енгізілген болатын.
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" (NIS) өкілдерінің хабарлауынша, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мектептерде смартфондар, планшеттер мен смарт-сағаттарды пайдалануға толық тыйым салу жоспарланып отыр.
Бұл шешім халықаралық зерттеулер нәтижелеріне негізделіп қабылданды. Зерттеулер бойынша, цифрлық тәуелділік жасөспірімдердің психоэмоционалдық жағдайына, ұйқы режиміне, дене белсенділігіне, зейін шоғырландыру қабілетіне кері әсер етеді, сондай-ақ жалғыздық сезімін арттырады, – делінген ресми мәлімдемеде.
Жаңа тәртіпке сәйкес, оқушылар оқу орнында жүрген уақыттың барлығында — сабақ барысында да, үзілістерде де смартқұрылғыларды пайдалана алмайды.
Ата-аналармен байланыс орнату қажет болған жағдайда оқушыларға батырмалы телефон немесе мектептегі стационарлық телефон ұсынылады, – деп нақтылады НЗМ өкілдері.
Бұған дейін кейбір NIS мектептерінде бұл бастама пилоттық режимде енгізіліп, оң нәтижелер көрсеткен.
Тыйымды тиімді жүзеге асыру үшін тиісті инфрақұрылым да қарастырылған. Мектептер қағаз өнімдерімен және ноутбук, смарт-аймақтар секілді техникалық құралдармен қамтылатын болады. Сонымен қатар, үзіліс уақытын мазмұнды өткізуге жағдай жасалады.
Мақсат — гаджеттерсіз де оқу мен қарым-қатынасты тиімді ұйымдастыруға болатын орта қалыптастыру. Бұл балаларда салауатты әдеттерді, тірі қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өз жазбасында ерік-жігерге сүйену – әрдайым тиімді шешім емес екенін атап өтті. Grit кітабының авторы Анджела Даквортқа сілтеме жасай отырып, ол былай дейді:
Тиімділікке жетудің жолы – ерік-жігерге сенуден гөрі, өзіңді азғырудан сақтайтын орта қалыптастыру. Смартфон – ең басты назар аудартатын құрал. Тіпті сөндірілген күйде де оның жанымызда болуы IQ тест нәтижесін нашарлатуы мүмкін. Ал телефоны көз алдында емес студенттердің үлгерімі жоғары болады.
Депутаттың пайымдауынша, смартфондармен күреске көп энергия жұмсаудың орнына, сол құралдарды оқу орнынан мүлде аластату әлдеқайда тиімді.
"The Anxious Generation" кітабын оқи отырып, гаджеттердің оқушыларға кері әсері жайлы тұжырымдарға көз жеткіздім. Осы тұрғыда, NIS-тің бастамасын қолдаймын. Ғылыми деректер бұл шешімнің орынды екенін көрсетіп отыр, – деді ол.
Смартфондардың оқуға кері әсерін халықаралық зерттеулер де растайды. 2025 жылғы наурызда жарияланған "Smartphone Addiction Among University Students" зерттеуінде студенттердің 48%-ы смартфонға тәуелділік белгілерін көрсеткен. Қыздар арасында бұл көрсеткіш 57,6%-ға жеткен.
Авторлар — Vijia Kumar Gemnani, Anoop Kumar Juseja, Dr Daulat Ram және Kaleemullah Abro — смартфондардың шамадан тыс қолданылуы зейін, есте сақтау және когнитивтік қабілеттерге кері әсер етіп, үлгерімнің төмендеуіне себеп болатынын анықтады.
Сонымен қатар, 2025 жылдың мамырында Ұлыбританияда жүргізілген Swiped атты зерттеу нәтижесінде 21 күнге смартфоннан бас тартқан жасөспірімдердің ұйқы сапасы мен зейіні жақсарғаны анықталған. Олар тез ұйықтап, ұзақ әрі сапалы ұйықтаған, сондай-ақ зейінге қатысты тест нәтижелері де айтарлықтай жоғарылаған.
2025 жылдың шілдесінде жарияланған Humanities and Social Sciences Communications журналындағы шолу материалда смартфонды ерте қолданудың болашақта тәуелділікке алып келетін қаупі айтылған. Ерте жастан гаджетке қол жеткізуге әсер ететін факторлар:
Мамандардың пікірінше, смартфон – зұлымдықтың көзі емес, ол – дұрыс пайдаланылса, пайдалы құрал. Алайда бақылаусыз қолданылған жағдайда ол стреске, алаңдаушылыққа, зейіннің төмендеуіне және оқу үлгерімінің нашарлауына алып келеді.
Сонымен қатар, сарапшылар тек шектеу емес, цифрлық гигиена ережелерін үйретудің маңызын атап өтті. Оқушылар, ата-аналар мен педагогтар гаджетке тәуелділіктің қалай қалыптасатынын және оны еңсерудің жолдарын жақсы түсінуі қажет.