Словакияның тарихи орталығында қазақтың киіз үйі тігілді

26 Қыркүйек 2023, 20:41 1078

Словакияның тарихи және мәдени орталығында Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен және қала билігі мен Қазақстанның Банска-Быстрица өлкесіндегі Құрметті консулдығының көмегімен «Қазақ киіз үйі: көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрлері» этнокөрмесі өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көрмені ашқан Банска-Быстрица мэрінің орынбасары Мартин Майлинг Орталық Словакияда алғаш рет өтіп жатқан Қазақстанның мәдени шарасын құптады. Ол этнографиялық көрменің қазақтың әдет-ғұрыптары мен ұлттық салт-дәстүрлерін тереңірек білуге мүмкіндік беретінін, сонымен қатар екі ел халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстанның Словакидағы Елшісі Төлежан Барлыбаев қала басшылығына Банска-Быстрицаның дәл орталығында көрме өткізуге орын бергені үшін алғысын білдіріп, Словакия жері ежелден Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің тоғысқан және өзара байытатын жері болғанын атап өтті. Дипломат ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген қазақтың киіз үйі, домбыра мен күй өнері словак жұртшылығының қызығушылығын тудыратыны сөзсіз деп атап өтті.

Этномәдени көрмеге іші безендірілген қазақтың киіз үйі, көшпенділердің ұлттық киімі мен сауыт-сайманы, домбыра және басқа да музыкалық аспаптар, тұмар және қолдан кестеленген кілемдер мен гобелендер, қолөнер бұйымдары және қазақтың қолданбалы өнерінің басқа да бұйымдары қойылды.

Этноэкспозицияның музыкалық бағдарламасына Словакияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер белсене қатысты. Дарынды музыканттар – «Československo má talent» ұлттық телешоуына қатысып, Словакияға танымал болған домбырашы Есенғали Құмаров, гитарист Әли Нәжімиден және басқа да жас орындаушылар қазақ күйлері мен әндерін орындап, көрермендерді тәнті етті. Мәдени шара аясында қазақстандық студенттер Қазақстанның Банска-Быстрицадағы Құрметті консулдығында болып, оның басшысы Тибор Лебоцкиймен кездесті, сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Банска-Быстрицадағы «Қазақ киіз үйі» этникалық көрмесі ағымдағы жылдың 19-20 қыркүйегінде Братиславадағы қазақ киносы күндерімен, 1-2 шілдеде Шаморин қаласында өткізілген «Ұлы дала рәміздері» көрмесімен, 24 наурызда Словакия астанасының орталық алаңында киіз үй тігіліп, фольклорлық фестивальді қамтыған Наурыз мейрамын тойлау шараларымен қатар Қазақстанның Словакиядағы мәдени іс-шараларының сериясын жалғастырды.

Берік Арманов
Бөлісу: