Skills Enbek: 183 мыңнан астам әйел жаңа мамандық игерді

7 Наурыз, 11:12 635

Skills Enbek платформасының статистикалық деректері әйелдер қауымының жаңа дағдыларды игеріп, өздігінен білім алуда зор белсенділік танытатынын көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, платформа іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы шілдеден 2024 жылғы наурызға дейін) оқытудан сәтті өткен 313 мың пайдаланушының шамамен 58%-ы немесе 183 мыңы – қазақстандық нәзік жандылар.

Бұл ретте әйелдер көбінесе кәсіпкерлік негіздері, тігу мен сатудың негізгі дағдылары, Motion design, UI/UX design, мүгедектерге арналған жеке көмекшілер, балаларды күту және дамыту жөніндегі мамандар сынды және т.б. курстарды таңдап, тәмамдаған.

Қазіргі уақытта платформада 29 мың әйел білім алуда, оның ішінде 258 әйел «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру», «Жылу желілерінің жабдықтарына, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электр слесарлық жұмыстар», «Қазандық агрегаттарына қызмет көрсету және жөндеу» техникалық бағыты бойынша курс тыңдаушылары болып табылады.

Әйел адам кез-келген уақытта мансап жолын өзгерте алады: бұрыннан таныс салада белгілі бір мамандықты таңдап немесе бәрін жаңадан бастай алады. Онлайн курстардың арқасында осындай өзгерістер одан сайын қолжетімді әрі жеңіл. Бүгінгі таңда әйелдерді кез-келген кәсіптен табуға болады, олар да ерлер сияқты бірдей таңдау мүмкіндігіне ие, сондықтан ерлерден қалыспай, солармен бірге биіктерді бағындырады. Біз Skills Enbek платформасы адамның жынысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан баршаға сапалы білім алуға мүмкіндік беру арқылы қосымша білім беру саласындағы практикалық гендерлік теңдікке ықпал ететінін мақтан тұтамыз, - деп атап өтті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Ольга Киселева.

Әйелдер белсенді түрде білім алып қана қоймай, Skills Enbek-те курстар жасауға да ықпал ететінін айта кету керек. Мәселен, әйелдер жасаған курстар шамамен 92 сағатты құрайды. Барлық автор әйелдер қаржы және бухгалтерлік есеп, жеке қызметтер мен сервис, өндіріс, сату және IT технологиялары бойынша 20-дан астам курстар жасады.

Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek қазақстандықтарға жаңа дағдыларды игеруге немесе қолданыстағы дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салаларда тегін және ақылы курстардың кең ауқымын ұсынады. Платформада барлығы 380 мың қазақстандық тіркелген, оның 25 мыңы 2024 жылы тіркелген. Skills Enbek курстарының саны 477-ге жетті, оның 243-і тегін. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстық оқыту Enbek мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді, оны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеп алуға болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: