Әскери қызметшілердің балалары қатысқан байқау қорытындыланды

26 Мамыр 2022, 11:00 2016


Балалар жылы аясында өткен іс-шараның бірі - «Отан – отбасынан басталады» атты сурет және «Егеменді ел қорғаны – Қарулы күштер» атты бейнероликтер конкурсы. Республикалық деңгейде өткен ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен 4-18 жас аралығында бір жарым мыңнан астам бала қатысқан. Байқау Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналғанын айта кеткеніміз жөн. 

Сурет байқауы үш аталымда өтті. Олар –  «Қазақстан – бейбіт ел», «Менің әкем батыр», «Біз батырлардың ерлігін есімізде сақтаймыз».


«Қазақстан – бейбіт ел» аталымында өздерінің жас санаттарында Жетіген кентінен келген Қабидолла Балауса, Ақтаулық Карина Черная, Шымкенттік Жарқынай Жүсіп және Нұр-Сұлтан қаласынан Асылжан Бейсенова жеңіске жетті.

«Менің әкем батыр» аталымы бойынша қарағандылық Айзере Әлиева, Нұр-Сұлтаннан Сандуғаш Бердікұл және Аңсар Мақсұтов, Шымкенттен Аяжан Тоғаева жеңімпаз атанды.


«Батырлардың ерлігі есімізде» аталымында қазылар алқасының шешімі бойынша Ақтаудан келген Айя Бекениз, Шымкенттен келген Ернар Еркінбек, Нұр-Сұлтаннан келген Малика Биахметова бірінші орынды иеленді.

Байқаудың бес қатысушысы Айару Серік, Нұрай Бейсенбай, Айзере Бәйдібек, Әсел Мұхтар және Мирас Марат «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болды.  

«Егеменді ел қорғаны – Қарулы күштер» бейнероликтер конкурсында бірінші орынды Қонаев қаласынан Заманбек Шыныбаев, екінші орынды Мамырсу ауылынан Құрмет Қанатұлы, үшінші орынды Семей қаласынан Арсен Құмаров олжалады. «Көрермен көзайымы» жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласынан Әлфараби Болатбек және Аягөздік Ұлжан Құсманова өзара бөлісті.


Қатысушылардың жұмыстары Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығындағы арнайы көрмеге қойылды.

Байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі Балаларды қорғау күні өтеді.

Бөлісу: