Әскерге барып келгендер университетте тегін білім алады

6 Қазан 2022, 10:06 3714

Оқуға түсу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу тәртібі қаралды

Қорғаныс министрлігінде ведомствоаралық кеңес болып өтті. Онда тегін жоғары білім алатын мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу жөніндегі регламенттің жобасы қаралды, деп хабарлайды El.kz министрлікке сілтеме жасап.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметін өтеген үздік әскери қызметшілерге запасқа шығарылғаннан кейін жоғары оқу орындарында тегін оқыту туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастаманы еліміздің көптеген жоғары оқу орындары қолдады.

Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның өкілдері оқуға жеңілдіктер алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу тәртібін талқылады.

Кеңеске қатысушылар қолдаған регламентке сәйкес, оқуға іріктеу кезінде жауынгерлердің қызмет барысында мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік және атыс дайындығы пәндерін меңгеру деңгейі ескерілетін болады. Сонымен қатар, жеке тәртібі, күнделікті қызметтегі міндеттерін орындау сапасы мен психологиялық жай-күйі де бағалау критериіне кіреді.

Барлық көрсеткіштер бойынша орташа балды шығара отырып, бес балдық меже бойынша бағалау болжанып отыр. Сонымен қатар әскери қызметшілердің аралық және қорытынды тексерулерінің нәтижелері Қорғаныс министрлігінің цифрлық платформасына ай сайын орналастырылып, жаңартылып отырмақ. Тексерулерді жүргізіп, олардың қорытындысын шығаруға қорғаныс ведомствосы өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия қатысатын болады. Осылайша, әрбір әскери қызметшінің жеке жинақтаушы рейтингі пайда болады.

Жоғары оқу орындарына бөлуді қоғам өкілдері мен ардагерлер ұйымдарынан құралған ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады. Іріктеу нәтижелері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланатын болады.

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен мамандықтар тізбесін және жыл сайын бөлінетін орындар санын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның жоғары арнайы және  әскери оқу орындары да мерзімді қызметін өтегендерге артықшылық бергелі отыр. Мысалға, Қорғаныс министрлігі азаматтардың бұл санаты үшін оқуға түсушілердің сандық құрамының кемінде 25% - ы, яғни жыл сайын 200-ге жуық орын бөлмек.

Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасын барлық күштік құрылымдардың әскери оқу орындары бірауыздан қолдап отыр.

Бөлісу: