Әскердегі сарбаздың өлімі: Екі әскери шенді қызметтен қуылды

1 Тамыз 2022, 11:50 2250

Әскерде қайтыс болған жас сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу шарасы жалғасып жатыр

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«2022 жылдың басында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші, қатардағы жауынгер Ә. С. Қалбай қайтыс болды. Бұл ретте, жеке құрамды жеткіліксіз бақылау және 30212 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан жұмыстағы олқылықтар фактісі бойынша Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде 30212 әскери бөлімінің командирі және осы бөлімнің оқу ротасының командирі лауазымынан шеттетілді», - деген жауап берілді министрліктен.

Одан бөлек, сарбаз өліміне байланысты аталған әскери бөлімнің тағы 3 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу шарасының жалғасып жатқанын хабарлады. 

«30212 әскери бөлімінің кадр құрамының сапасын арттыру мақсатында қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен лауазымды тұлғаларға қатысты ұйымдастыру-кадр сипатындағы шараларды іске асыра отырып, 1 ай мерзімде офицерлік және сержанттық құрамды аттестаттаудан өткізу туралы шешім қабылданды. Аттестаттаудан кейін босаған лауазымды орындарға кадр жинау үшін іріктеу жүреді», - дейді министрліктен.

Бөлісу: