Өскемендегі облыстық А. Пушкин атындағы кітапханада тыл ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы», облыстық ақсақалдар мүшесі Бағдаулет қажы Мүрсәлімұлының 80 жылдығына орайластырған кездесу өтті.
Шараға ақсақалдың қатарластары, мемлекеттік қызметкерлер, облыстық мешіт имамдары, шығармашылық ұжымдар және жастар қатысты. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы да Бағдаулет қажыны құттықтау шарасына қатысып, ардагерге Шығыс Қазақстан жерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ерекше ықыласын білдірді.
Кездесу барысында сондай-ақ ақсақалдың ерен еңбек жолы мен өнегелі істерін көзбен көрген қариялар естеліктерімен бөлісті.
Одан бөлек Бағдаулет қажы Мүрсәлімұлы терме орындап, қоңыр домбыраның күмбірлеген үнімен жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Тағылымды да қасиетті істері үшін ақсақалға республика бойынша 101-ші «Құрметті қажы» атағы беріліп, төсбелгі тағылды. Ал облыстық ақсақалдар алқасының дамуына қосқаны үлес үшін орден, облыстық «Халифа Алтай» мешіті бас имамының алғыс хаты табысталды.