Өскеменде немістердің Егін жинау мерекесі аталып өтті

23 Қазан 2019, 11:07 3666

Өскемен қаласында немістің «Erntedankfest» егін мерекесін этномәдени бірлестіктер кең көлемде атап өтті.


Неміс халқы ежелден егін шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Олардың сенімдері бойынша күзде егін науқаны біткен соң, піскен көкеністер мен жемістер жоғарғы бір тылсым күштің берген сыйы деп түсінген. Сол себепті немістер аталған мереке күні ауа-райының қолайлы болып, егіннің көптеп шыққаны мен халықтың тоқ болуына Тәңірге ризашылық білдіріп, алғыс айтқан. Қазан айында барлық халық жиналып, көңіл көтеріп, ұлан-асыр той жасаған.


Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы неміс этномәдени бірлестігі күз мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. 


Мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналған қауымға неміс халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениеті таныстырылды. 


Шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашты. «Табиғат сыйы» атты көрмеде жемістер мен көкеністер мен дәмді тағамдар ұсынылды.


Неміс этномәдени бірлестігі мүшелері, әсіресе, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сусындатуды бірінші орынға қойған. Сол себепті, жас бүлдіршіндер ұлттық нақышта өнер көрсетіп, қойылымға қатысты. Олар егін науқанының бітуі мен күздің өнім жинар уақытынан көрініс табатын «Шалқан» ертегісін керемет шеберлікпен орындады.

Бөлісу: