Сыр бойынан ескі шаһар табылды

7 Қыркүйек 2017, 11:48 9435

Көне шаһар – Сортөбе

Киелі Қорқыт ата кесенесі маңынан табылған Сортөбе қалашығын зерттеуге археологтар білек сыбана кірісті. Таяуда ғана ескі қалашықтың қыр-сырымен танысқан ғалымдар арасында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, Ресейдің Шығыс музейі, Кемерова университеті, Түркияның Измир университеті және ҚР Ұлттық музейі мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Қармақшы аудандық тарихи өлкетану музейі мен Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандарынан жасақталған зерттеу тобы болды. Оңтүстік бөлігі ғана сақталған ескі қалашықтың 60 пайызын Сырдария өзені шайып кеткен. Ғалымдар көне шаһар Қорқыт ата дәуірімен тығыз байланысты дейді. Себебі, зерттеу жұмысы барысында тастан жасалған қобыз, оғыздар заманына тиесілі жерошақ пен қошқар тәрізді оюлар табылған. Қазба жұмыстары кезінде ашылған құрылыстарды сақтау мен қайтадан қалпына келтіру арқылы бұл қалашық аспан асты мұражайы мен туристік бағыттағы аймаққа айналмақ.

Әзілхан Тәжекеев, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Біздің заманымыздың VII ғасырындағы Арал аймағы материалдық кешен (қыш ыдыстар) жағынан Оңтүстік Хорезм, Әмударияның оң жағалауындағы солтүстік Хорезм, Шығыс Арал және бұрынғы Қуаңдария мен Ескідария арналарында жатқан Жетіасар кешені, Сырдария өзенінің сол жақ бөлігіндегі қалалар болып бөлінеді. Аталған мекендердің дерлігінің мәдени және этникалық тұрғыдағы байланысы болды деуге негіз бар. Сырдария өзенінің төменгі жағында біздің дәуіріміздің І мыңжылдығында өзіне тән ерекшелігімен танылған мәдениет өркен жайған. Жетіасар І, ІІ кездерінде (шамамен б.д. І мыңжылдығының жартысы) орта Сырдария аудандары мәдениеттерінен өзге көрші аймақтармен ерекше қарым-қатынас орнатқанын байқаймыз. Халықтың тығыз орналасып, өмір сүрулеріне тиімді факторларға сәйкес, өз заманында Сырдарияның төменгі жағын мекендеп қалған болуы керек. Сол кезеңде Жетіасар мәдениеті аумағы жағынан мейлінше үлкейіп, Әмудария, Сырдария өзені арасының аумағын алып, жетіасар жұртының көбі осы аймақтарға көшіп келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, (VI-VII ғғ.) ІІІ Жетіасар кезеңінде Жетіасар шатқалындағы көптеген ескерткіштер өміршеңдігін тоқтатқан. 3-ші кезеңнің соңында Жетіасар шөлге айналып, бұл мәдениет Сырдария өзенінің төменгі ағысында жойылып кетеді. Алайда, Шығыс Жетіасар қалаларының тобы (қазіргі Жалағаш, Сырдария аудандары аумағы) және Жетіасар шатқалының солтүстігінде, бүгінгі Сырдың сол жақ жағалауындағы Сортөбе І, ІІ сынды мекендер тұрмысын жандандырып, Аралдың шығыс жағында Жанкент, Кескен-күйік қала, Күйік қала секілді оғыз шаһарлары қалыптаса бастайды.

2007 жылы Сортөбе І ескерткішінде Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік-рабат археологиялық экспедициясы бойынша археологиялық барлау жасағы мен «Археолог» халықаралық зерттеу орталығының археологиялық ұжымы зерттеу жұмысын жасады. Қалашықтың жобасы сызылып, суреті түсірілген. Су шайған жар қабағында бірқатар жұмыстар жасалып, өзен жағасындағы заттар жинақталып, суреті алынған. Қалашық қабырғасының оңтүстігі 70 метр, батыс жағы 80 метр болып сақталған. Биіктігі 4 метрге дейінгі төбенің солтүстігі мен шығыс қабырғасын Сырдария толығымен шайып әкеткен. Су шайған солтүстік пен шығыс аймағының оңтүстік-шығысынан солтүстік-батысқа дейінгі ұзындығы 120 метр болады. Бұл бөліктегі қабаттың қалындығы 3,5-4 метрді құрайды. Қаланы зерттеу ұсынысы он жыл бұрын тасталған. Алайда, қазба жұмыстары биыл алғаш рет бастау алды. Ағымдағы жылдың тамыз айында Сортөбе ескерткіштеріне жаңа зерттеулер жүргізілді. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының мақсаты ескерткіштің құрылымын, қызметі мен материалдық кешенін жан-жақты зерделеу болып табылады. Бүгінде екі жерге қазба салынды.

Сортөбедегі керамикалық кешен ерекше бай. Мұнда 7-8 ғасырлармен сәйкестелетін иінді, қабырғалары бүйірінен ернеуіне дейін сыртқа иілген тостақандар Жетіасар ІІІ кезеңіндегі жәдігерлер арасынан және Отырардан тапқан заттар арасында да ұшырасады. Сонымен бірге, Жанкент қазбаларында кездесіп келе жатқан IX-X ғасырлардағы үстінде ойып жазылған сызықты өрнектерімен ерекшеленетін қақпатар, ернеу сыртының жапсырмасына берік затпен батырып салынған өрнегі бар ыдыстар мен әр түрлі қажеттілікке пайдаланылған «Қос Қошқар басы» бейнесіндегі культтік бұйымдар көптеп кездеседі.

Өзен шайып жатқан тік құлама жарқабағында және ескерткіштің жалғыз бұзылмаған бөлігіндегі қысқа уақыт ішінде жасалған жұмыстар кезінде қол жеткізкен заттай деректер бойынша қалашық VIII-ІX ғғ. аралығында өмір сүргендігін айта аламыз. Қаланың тынысы Сырдария өзенінің арнасының өзгеруіне байланысты тоқтап, ондағы халық Жанкент бағытында көшуі мүмкін. Әзірге бұл тек болжам ғана. Сортөбенің пайда болған уақыты, өмір сүрген кезеңдері және ондағы тіршіліктің тоқтауына себеп болған жағдайлар осы ескерткіштің келешекте жүргізілетін археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталуы мүмкін.

Жанкент оазисі ерте кезеңнен сауда мен мәдени, этникалық байланыстың, көшпенділердің өркениеті мен ортаазиалық отырықшы оазистерді сабақтастырған аймақ ретінде белгілі болды. Бұл жерде белгілі сауда өткелдерімен (соның ішінде Ұлы Жібек Жолы) қатар, тарихи миграция сүрлеуі мен жолдардың өзара тоғысатын іздері жатыр. Сортөбедегі зерттеу жұмыстарын бірінші кезекте төбенің өзен шайып, бұзылған бөлігінде басталып, дария табанына кетіп жатқан археологиялық деректер жинақталады. Одан кейін ескерткіштің тарихи-топографиялық құрылымы анықталып, оның қорғау аймағы белгіленеді. Сортөбенің төңірегінде археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, осы аймақта орналасқан басқа да ескерткіштер ашылып, есепке алынады. Сондай-ақ, олардың Сортөбемен байланысы анықталады. Қорқыт ата кешені – Жосалы – Сортөбе бағыттары бойынша туристік маршрут енгізу жұмыстарын жүргізу жобасын дайындау нәтижелері күтіледі. Себебі, Сортөбе (Ордазы) Қорқыт ата қорымына ең жақын оғыз қалашығы болып табылады, - дейді археолог-ғалымдар.

Сортөбеде жүргізілетін ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанның ортағасырлық археологиясының осы күнге дейін шешімін таппай отырған Оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы жан-жақты, кешенді деректер алуға болады. Бұл шаһарда жүргізілген қазба жұмыстарының ерекшелігі де сонда. Сортөбе келешекте ортағасырлық Қазақстан археологиясының оғыз кезеңіне қатысты эталонды ескерткіштердің бірі болуы мүмкін.

Сағира Уәли
Бөлісу: