СІМ: Қазақстан ЭЫҰ-дағы ынтымақтастықты кеңейтуді жақтайды

25 Қаңтар 2023, 03:14 1708

Бұл туралы Ташкентте өткен жиында белгілі болды

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 26-шы отырысына қатысуда, деп хабарлайды El.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Отырысқа қатысушылар ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда, инвестициялар, азық-түлік қауіпсіздігі, экология, ауыл шаруашылығы, транспорттық дәліздер саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ ұйым кеңістігінде экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.

Белгілі болғандай, СІМК қорытындысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды. Ол Қазақстанның ұсынысы бойынша ЭЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Аталған кеңеске төраға ел ретінде Қазақстан осы ұсынысты іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Ауғанстандағы оқиғаларды ескере отырып, министр М. Тілеуберді әріптес мемлекеттерді осы елді ЭЫҰ шеңберіндегі өңірлік экономикалық процестерге белсенді тартуға шақырды, Қазақстанның ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау туралы айтты.

СІМК шеңберінде Қазақстан өкілі Жандос Асанов жаңа 3 жылдық кезеңге ЭЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына қайта сайланды.

Басқосу барысында Кеңес 2023 жылға арналған ЭЫҰ Жұмыс бағдарламасы мен іс-шаралар күнтізбесін мақұлдады, сондай-ақ ЭЫҰ Хатшылығы мен мамандандырылған органдарының қызметі туралы есептер қабылданды.

Іс-шара аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Өзбекстан, Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысымен бөлек екіжақты кездесулер өткізді.

EL.KZ
Бөлісу: