СІМ өкілдері Испания Елшісімен кездесті

23 Шілде, 00:28 518

Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Луис Франсиско Мартинестен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар кестесін талқылады. Сұхбаттастар екіжақты және көпжақты форматтағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Дипломаттар қазақстандық нарықта «Airbus Defence&Space», «Maxam», «Inditex» және т.б. сияқты танымал испандық компаниялардың болуының арқасында жемісті сауда-экономикалық байланыстарды ерекше атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан аумағында «Xcalibur» және «Técnicas Reunidas» кәсіпорындарының жобалардың іске асырылуы талқыланды.

Испания Елшісі жылы қабылдау үшін алғыс айтып, осы айда құрылғанына тура 15 жыл толып отырған екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.

Р. Василенко елшіні Испания құрамасының жуырда футбол Еуросындағы жеңісімен құттықтап, жаңа дипломатиялық салада осындай жоғары жетістіктер тіледі. Сонымен қатар Л.Ф. Мартинес бұған дейін елімізде Испания елшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарғанын ескере отырып, оның тез бейімделуіне және Қазақстандағы миссиясын сәтті атқаратынына сенім білдірілді.

Испания – Қазақстанның Еуроодақтағы маңызды экономикалық серіктесі. Қазақстанның статистикасы бойынша, 2023 жылғы қорытынды бойынша екіжақты тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын (экспорт – 1,5 млрд, импорт – 500 млн), ал 2024 жылғы қаңтар-мамыр кезеңінде – 702 млн (экспорт – 422 млн, импорт – 280 млн) құрады. 2005 жылдан бастап Испаниядан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 360 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 67 заңды тұлға тіркелген.

Зарина Арман
Бөлісу: