СІМ Астана процесінің аяқталу себебін түсіндірді

22 Маусым 2023, 22:00 845

Сыртқы істер министрлігі Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі ХХ халықаралық кездесуді өз аумағында келіссөздер процесінің мәресі деп жариялауының себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

СІМ мәліметінше, бұл процесс кезінде бастапқы мақсаттар орындалған.

Бұл форматтың Женева процесіне қосымша келіссөздер алаңы ретінде құрылғаны және қақтығысты тоқтату үшін нақты практикалық міндеттерді шешуге арналғаны мәлім. Осы тұрғыда қазіргі уақытта оның деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы тәрізді бастапқы мақсаттары орындалды, - делінген мәліметте.

Одан қалды Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуал түбегейлі өзгергені айтылды. Яғни араб мемлекеттері Дамаскімен қарым-қатынастарды қалпына келтіруге ұмтылуда. Тиісінше Сирияның Араб мемлекеттерінің лигасындағы мүшелігі қайтарылды.

Бауырлас Түркия Республикасы достас Сириямен өз қарым-қатынастарын оңалтуға ниетті. Осыған байланысты Сирияның аймақтағы оқшаулаудан біртіндеп шығуын Сирия бойынша Астана процесі аясында жұмсалған күш-жігердің зор нәтижесі деп сеніммен айтуға болады, - деді ведомство өкілдері.

Министрлік қатысушылар тарапынан келіссөздерді Астанада қайта жалғастыру туралы ұсыныс түссе, Қазақстан оны қарастыруға дайын екендігін де жеткізді.

Егер Астана форматындағы Сирия бойынша халықаралық кездесулерге қатысушылар тарапынан Астана қаласында келіссөздерді жалғастыру туралы ортақ өтініш түскен жағдайда, Қазақстан басқа алаңдардағы келіссөздердің барысын және жалпы Сириядағы жағдайды ескере отырып, бұл процесті ізгі ниет әрекеті ретінде қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға дайын, - делінген.

Бұған дейін Астана процесінің жұмысы аяқталғанын сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш мәлімдеген болатын

Ал Астана форматында Сирия келіссөзінде Ресей делегациясының басшысы Алексей Лаврентьев Қазақстанның бұл шешімі олар үшін күтпеген шешім болғанын айтады. Оның сөзінше, әлі де проблемалар бар.

Біз Қазақстанға диалог алаңын құруға мүмкіндік бергені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Алты жарым жыл уақыттың ішінде біраз шаруа атқарылды. Қазақстан тарапы өз территориясында өткізуді осымен аяқтауды шешсе, біз, әрине, онымен келісеміз. Алдағы уақытта ХХІ кездесу өтетін болады. Бірақ ол қашан, қайда өтетінін біз әлі шешпедік. Шынын айтсақ, Қазақстанның бұл шешімі біз үшін күтпеген шешім болды, - деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі Сирия бойынша кезекті ХІХ кездесу былтыр 22-23 қарашада Астана қаласында өткен болатын.

Берік Арманов
Бөлісу: