Әзербайжан Аудиовизуал кеңесінің қолдауымен 15 мамырдан бастап «Silk Way» телеарнасы «K@TV1», «BAKTELECOM», «AZTELEKOM», «BİRLİK», «AZOL TV», «AZEUROTEL», «AZERİ TV», «BOSS GROUP», «GSP», «EUROSEL», «RAHAT TELECOM», «BEEONLİNE», «MEGALINK TV», «ODTV» абоненттері үшін қолжетімді.
Бұған дейін телеарна сынақ режимінде хабар таратты, операторлар техникалық параметрлерін тексеріп, Silk Way-ді өз желілеріне қосуға дайындалды.
Басқа елдердегідей әзербайжандық телекөрермен көп арналы форматта ұсынылатын орыс, ағылшын, қазақ, қырғыз және өзбек тілдерінің бірін таңдай алады. «Silk Way» сигналы да Eutelsat Hot Bird 13 және Yamal 401 спутниктік платформаларынан жеке қабылдау үшін қолжетімді.
Екі ел медиасының белсенді ықпалдастығына биыл сәуірде Әзербайжан президентінің Қазақстанға ресми сапары жаңа серпін берді. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Алиев екі ел халқының байланысын нығайтудағы қазақстандық және әзербайжандық БАҚ-тың маңызын атап өтіп, ақпарат құралдары мен медиа-өндіріс саласындағы серіктестікті дамытуды тапсырды.
Қазақстан мен Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибе, контент алмасу және оны бірігіп дайындау кезіндегі өзара ықпалдастығы екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
«Silk Way» телеарнасы әзербайжандық көрерменге отандық авторлық бағдарламалар, деректі жобалар, сондай-ақ ең үздік көркем контентті ұсынады.
Silk Way телеарнасы – Қазақстан Республикасындағы жалғыз халықаралық телеарна. Ол әлемнің 118-ден астам елінде көп арналы режимде қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз және өзбек тілінде хабар таратады.