Қазақстаннан барған ерлі-зайыпты Сиднейдегі казинода миниатюралық камера мен құлаққаптарды пайдаланып, миллион доллардан астам қаражат ұтқан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 36 жастағы Дилноза Исраилова мен оның 44 жастағы күйеуі Алишериходжа Исраилов 2025 жылдың қазан айында Австралияға келген. Сол күні олар Crown Sydney казиносына тіркеліп, мүшелік карталарын алған. Алдағы апталарда олар бірнеше рет казиноға келіп, тұрақты түрде ірі сомада ұтып отырған, бұл қызметкерлердің назарын аудартқан.
27 қарашада казино күзеті әйелдің киімінен күмән тудырған детальды, Микки Маус суреті бар футболкаға жасырылған кішкентай камераны байқайды. Осыдан кейін ерлі-зайыпты ұсталып, полиция шақырылды. Тексеру барысында олардың жанынан түрлі техникалық құралдар табылды: шағын датчиктер, батареялар, жасырын түсірілімге арналған бекіткіші бар телефон, айнаша тәрізді насадка және құлақ жолының тереңіне тығылған құлаққаптар.
Тергеу болжамы бойынша, жұп осы құрылғылар арқылы ойын үстеліндегі карталарды түсіріп, кейін құлаққап арқылы қалай ставка жасау керектігі туралы кеңес алып отырған. Осылайша олар жүйені айналып өтіп, жалпы көлемі 1,18 миллион доллар ұтып алған.
Казиноға жақын орналасқан жалдамалы пәтерлерін тінту кезінде құмар ойынға қатысты заттар, зергерлік бұйымдар және 2000 еуро қолма-қол ақша табылған.
Қазіргі таңда екеуі де қамауда. Жұптың бұлтартпау шарасына қатысты сот жұма күні өтті, және олар кепілмен босату туралы өтініш беруден бас тартты. Дилноза Исраилованың ісі бойынша келесі тыңдау ақпан айына белгіленген, ал күйеуі Алишериходжа 11 желтоқсанда Даунинг орталығында сотқа келеді.